Оралда үш рет қатарынан әкімшілік қамауға алынған азаматтық белсенді Орынбай Оқасов бостандыққа шықпай жатып, тағы ұсталып отыр. Бұл жолы оны қылмыстық іс аясында 72 сағатқа ұстамақ. Полиция оны "тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысу" ісі бойынша күдікті деп таныған. Бұл туралы белсендінің адвокаты хабарлады.
Орынбай Охасов бостандыққа 18 тамыз күні түскі уақытта шығуы керек болған. Ол үш рет қатарынан кесілген әкімшілік жаза бойынша қамауда 45 күн болған. Билік әрбір келесі әкімшілік жазаны белсенді қамаудан шықпай жатып кесіп отырған. Оның үшеуінде де ол "заң тәртібін бұза отырып өткен митингіге қатысу, осы әрекетті бір жыл ішінде қайталау" (Әкімшілік кодекстің 488-бабы 11-тармағы) ісі бойынша айыпталған. Оған белсендінің Оралда өткен үш бейбіт жиынға қатысуы түрткі болған.
Оқасов бостандыққа тағы да шығып үлгермеді: оны бірден қылмыстық іс бойынша тергеуге алып кеткен. Бұл іске ол былтыр қыркүйектен бастап қорғануға құқығы бар куәгер ретінде тартылған.
– Қазір [Оқасовты] 405-баптың 2-тармағы ("Экстремистік не террористік деп танылған ұйымның жұмысын ұйымдастыру және оған қатысу") бойынша күдікті деп танып отыр. Оны 72 сағатқа ұстау туралы шешім қабылданды, – деді белсендінің адвокаты Айсұлу Биялиева.
Адвокаттың сөзінше, үш күн ішінде тергеу сотының отырысы өтіп, сол жерде Оқасовты тергеу уақытында қамауда ұстау-ұстамау туралы шешім қабылданды. Оны екі айға қамауы мүмкін.
Полиция департаменті Азаттыққа Оқасовтың "қылмыстық істі тергеу аясында ұсталғанын" ғана айтты. Істің егжей-тегжейін, қылмыстық бабын "тергеу құпиясы" деп айтпай қойды.
Орынбай Оқасов алғаш рет 5 шілде күні өз үйінің алдында ұстап әкеткен. Сол сәтте ол тағы бір белсенді Дастан Базеновпен бірге аштық жариялап тұрған. Олар осы арқылы астанадағы Есіл аудандық сотының "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы" қозғалыстарын экстремистік деп тануына (Еуропарламент өз қарарларында оларды бейбіт ұйым деп атайды) наразылық білдірген. Сол күні сот оны 19 маусымда заңды бұза отырып өткен митингіге қатысты деп 10 тәулікке қамаған. Дастан Базеновке де дәл осы жаза кесілген. Мерзімнің аяқталуына екі сағат қалғанда екеуіне де жаңа жаза тағайындалған: Базеновті 10 тәулікке, Оқасовты 15 тәулікке ұстау туралы үкім шықты. Бұл жолы оларды 26 маусымдағы "заңсыз" митингіге қатысқаны үшін қамаған.
Үшінші әкімшілік жазаны да Оқасов алдыңғы мерзімнің аяқталуына санаулы сағат қалғанда алған. Оны 30 мамыр күнгі митингіге қатысқаны үшін 20 күнге қамаған.