Джо Байден "Талибан" өзгерді дегенге сенбейді

АҚШ президенті Джо Байден. Вашингтон, 18 тамыз, 2021 жыл.

АҚШ президенті Джо Байден "Талибан" өзгерді дегенге сенбейді. Оның айтуынша, Ауғанстанда билікті басып алған бұл ұйым әлем алдында легитимдікке қол жеткізу бойынша "экзистенциалдық дағдарыс" кезеңінен өтіп жатыр.

АВС телеарасына 19 тамызда берген сұхбатында АҚШ президенті журналистің "Талибан" өзгерді ме?" деген сауалына "Жоқ" деп жауап қайырды.

"Олар әлемдік қауымдастық өздерін заңды үкімет деп танығанын қалай ма, жоқ па деген сұрақ бойынша экзистенциалдық дағдарыстан өтіп жатыр. Меніңше олар мұны (әлемнің өздерін мойындағанын – ред.) қаламайтын сияқты" деді Байден.

Батыс державалары 20 жыл бойы қарсы соғысып келген "Талибанмен" қарым-қатынас орнату керек пе, жоқ па деп екіұдай күйде отыр. Ауғанстанның аймақтарын жылдам өзіне қаратқан фундаменталистік топ 15 тамызда Кабулға басып кіріп, билікті қолына алғанын мәлімдеген. Бұл "Талибан" елде қатаң режимді қайта орната ма деген қауіпті күшейтті.

"Талибан" басшылары елде бейбітшілік болғанын, ислам құндылықтары негізінде инклюзив үкімет құратынын жариялады. Бұған қоса олар қарсыластарынан кек алмайтынын және шариғат заңы аясында әйел құқығын құрметтейтінін айтқан.

Байденнің айтуынша, Ауғанстанға қарағанда әлемнің басқа бөліктеріндегі "Әл-Қайда" және оған жақтас ұйымдардан көбірек қатер төніп тұр. Дүниежүзі "Әл-Қайда" жақтастарының Сирия не Шығыс Африкадағы жақтастарынан "төніп келе жатқан" қауіпті елеусіз қалдыра алмайды деген ол бұлардан АҚШ-қа "анағұрлым көп қатер бар" деді.

Байден әйелдер мен қыздардың құқықтарын әскери жолмен қорғау мүмкін емес деген пікір айтты.

"Жер жүзіндегі әйелдердің құқықтарын әскери жолмен қорғаймыз деген ақылға қонбайды. Әйелдерді басып-жаныштап жатқан аймақтар көп. Оларды қорғаймыз десек, [бұл елдердің] мінез-құлқын өзгерту мақсатында экономикалық, дипломатиялық әрі халықаралық қысым жасау керек" деді АҚШ президенті.

1996-2001 жылдары Ауғанстанда ел билеген кезде "Талибан" ұйымы әйелдер мен қыздардың білім алып, жұмыс істеуіне шектеу қойған.

Әйелдер көпшілік ортада бетін түгел бүркеп жүруге міндеттелді әрі оларға тек ер адаммен бірге сыртқа шығуға рұқсат берілді.

18 тамызда АҚШ президенті Джо Байден Америка азаматтарын эвакуациялау үшін қажет болса, ел әскері Ауғанстанда 31 тамыздан кейін де қалуы мүмкін деді. АҚШ үкіметі биыл тамыздың соңына дейін Ауғанстандағы барлық әскерін шығарып әкетуді жоспарлаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Кабулда эвакуация қарқын алды, Батыс "Талибанның" қаржы көздерін жапты"Талибан" атынан сөйлеп жүрген молла Барадар кім?"Талибан" қайта оралды. Енді не болмақ? Тәліптер деген кім және оларды кім басқарады?