Оралдық белсенді Оқасов 45 тәулік қамаудан соң үйқамаққа алынды

Белсенді Орынбай Оқасов

Қайта-қайта айып арқалап жүрген оралдық белсенді Орынбай Оқасов тағы үйқамаққа алынды. 21 тамыз, сенбі күні таңертең Оралдың тергеу соты Қылмыстық кодекстің 405-бабы бойынша қозғалған істі тергеу барысында Оқасовқа қатысты бұлтартпау шарасын таңдау туралы қаулы қабылдады. "Бейбіт жиналыс өткізу тәртібін бұзды" деген айыппен 45 тәулік әкімшілік қамауда отырып шыққан соң іле-шала 72 сағатқа ұсталған Оқасов тергеу біткенше үйқамақта болады.

Оқасов бұл жолы "экстремизм не терроризммен айналысуына байланысты қызметіне тыйым салу немесе тарату туралы заңды күшіне енген сот шешімі бар ұйымның қызметіне қатысу" іс бойынша күдіктіге айналды. Бұған дейін ол қорғаныс құқығы бар куәгер саналған.

Оқасовты күдікті деп таныған тергеу әрекеті белсенді қатарынан үшінші әкімшілік қамаудан босап шыққаннан кейін бірден басталған. Белсенді жалпы 45 тәулік қатарынан қамауда отырды, әр жолы сот оған жаңа эпизод бойынша айып тағып, қамау мерзімін ұзартып келді. Бұл істердің барлығында оған "заңда белгіленген тәртіпті бұза отырып өткізілген митингіге қатысты" деген айып тағылды.

2021 жылғы 28 ақпанда Орал қаласында биліктің келісімімен өткен митингіде сөйлеген сөзі негізінде Оқасовтың үстінен іс қозғалып, ол күдікті деп танылған еді.

Оқасов 5 шілдеден бері қамауда отыр. Басқа белсенділермен бірге "Қазақстаның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) және "Көше партиясы" қозғалыстарына тыйым салу шешіміне қарсылық білдіріп, аштық жариялап отырған оны сол күні жеке тұрғын үйдің ауласында полиция әкетіп, қамауға алған.

Акцияға қатысушылар Еуропа одағынан “адам құқығын бұзғаны үшін” Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовке, бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовке санкция салуды сұраған. Шараға қатысқан басқа белсенділер де қамауға алынған.

2020 жылы астанадағы Есіл аудандық соты “Көше партиясын” “экстремистік” деп танып, оның қызметіне тыйым салған. Екі жыл бұрын ҚДТ жұмысына да осындай себеппен шектеу қойған еді.

Қазақстан билігі "Көше партиясын" қуғында жүрген экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған ҚДТ-ның жалғасы санайды.

"Көше партиясы" мен ҚДТ-ға тыйым салу туралы сот шешімдері жарияланған жоқ. Қазақстандық құқық қорғаушылар билік осы екі ұйымға қатысқан деген айыппен 300-ге жуық адамды қудалауға салды дейді.

Еуропарламент бұл екі ұйымды “бейбіт оппозициялық қозғалыс” деп атайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Саяси өзгерісті қалау – қылмыс емес". HRW Нұр-Сұлтанды белсенділерді қудалағаны үшін сынадыСол баяғы қудалау, сотқа тарту, тыйым салу. Митинг заңы қалай жұмыс істейді?Көлігін өртеу, пышақтау, ұрып-соғу. Белсенділерді "бандит әдісімен" қорқытуБиліктің "ұртоқпағына" айналған 405-бап