Германия үкіметі COVAX жобасы арқылы Қырғызстанға коронавирус вакцинасының 110 мың дозасын беру туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Германияның Қырғызстандағы жаңа елшісі Габриэла Геллил (ханым) қырғыз сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаевпен кездесуде айтты.
Ол логистика мәселесі қосымша талқыланатынын айтты. Қандай вакцина берілетіні нақтыланбады.
Шілденің соңында COVAX жобасы арқылы Қырғызстан Швециядан AstraZeneca екпесінің 220 мың дозасын алған.
Осыған дейін COVAX жобасы арқылы Қырғызстанға қытайлық Sinopharm компаниясының вакцинасы берілетіні, қыркүйектің ортасында америкалық Pfizer екпесінің 259 мың дозасы жеткізілетіні айтылған.
Алты миллионнан астам халқы бар Қырғызстанда індет басталғалы коронавируспен 173 мыңнан астам науқас тіркелді, 600 мыңнан астам адам екпе салдырды.
COVAX – бұл ДДСҰ, ЮНИСЕФ және вакцинаны әділ үлестіру жөніндегі GAVI альянсының бастамасы. Ол коронавирус вакцинасына мұқтаж елдерді екпемен қамтамасыз етуді көздейді.
Бұл жобаға Орталық Азия елдерінен Қырғызстаннан бөлек Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан елдері қатысып отыр. Қазақстан бұл жобаның қатысушылары тізімінде жоқ.