Тони Блэр: Батыс күштерін Ауғанстаннан алып кетудің қажеті жоқ еді

Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр.

АҚШ пен оның одақтастарының әскерін Ауғанстаннан алып кетуге аса қажеттілік болмаған еді, бұл сәтсіз саяси қадам болды деді Ұлыбритания экс-премьері Тони Блэр 21 тамыз күні жарық көрген жазбасында.

"Бізде оған деген мұқтаждық жоқ еді. Біз бұл шешімді "мәңгілік соғысты" аяқтау деген қисынсыз саяси ұранға бой алдырып қабылдадық" деп жазды ол өзінің сайтында.

Британиялық Би-би-си телеарнасы "мәңгіліс соғыс" тіркесін қолдану арқылы Блэр АҚШ президенті Джо Байденді сынаған болуы керек деп топшылады. Өйткені Байден сайлауалды науқаны кезінде осы сөзді жиі айтқан.

Блэрдің айтуынша, АҚШ пен оның одақтастары кейінгі уақытта Ауғанстанда мейлінше аз әскер ұстаған.

"Кейінгі 18 айда әскери операция кезінде одақтас елдердің бірде-бір сарбазы қаза тапқан жоқ" деді ол Ауғанстандағы әскерді не үшін қалдыру керек болғанын түсіндіріп.

Экс-премьер Ұлыбритания көмектесуге уәде берген адамдардың бәрі құтқарылмайынша, британ күштерінің эвакуация операциясын жалғастыра беруге шақырды.

Блэрдің пікірінше, Ауғанстандағы қазіргі жағдай Батыс үшін сәтсіздік те, Мәскеу, Пекин және Тегеран үшін ұтымды жағдай.

"Ресей, Қытай және Иран бұл жағдайды өз пайдасына жаратады. Ал Батыс лидерлерінен қандай да бір уәде алғандар Батыстың шын мәнінде ешқандай кепіл бермейтінін түсініп отыр" дейді ол.

2001 жылы Батыс күштері Ауғанстанға басып кіргенде Блэр Ұлыбритания премьер-министрі болған.