"Талибан" қозғалысы Кабулда мыңдаған адамды эвакуациялап жатқан шетелдің әскери контингентін Ауғанстаннан шығару мерзімін әрі қарай созу жөніндегі ұсыныстарды қабыдамайды деп мәлімдеді.
"Бұл - қызыл сызық. Президент Байден 31 тамызда барлық қарулы күштерін әкетеміз деген болатын. Олар бұл мерзімді әрі қарай созатын болса, онда бұл - оккупацияны жалғастыру деген сөз", – деді тәліптер өкілі Сухаил Шахин 23 тамыздағы сұқбатында.
Оның сөзінше, АҚШ пен Ұлыбритания эвакуация үшін қосымша уақыт сұраса тәліптер келіспейді. "Арамызда сенімсіздік оятады. Егер олар оккупацияны әрі қарай жалғастырғысы келсе, реакция туғызады», – деді Шахин. Ол қандай реакция екенін нақтылаған жоқ.
Reuters жаңалықтар агенттігі тәліптер тобындағы аты аталмаған екі дереккөздің "әскерді шығару мерзіміні созу туралы ұсыныс болмағаны, ондай ұсыныс қабылданбайтыны" туралы сөзін жариялады.
АҚШ президенті Джо Байден Ауғанстаннан АҚШ пен одақтастар азаматтарын эвакуациялаудың қиындығына қарамастан 31 тамызда аяқталады деп үміттенетінін мәлімдеген. Бірақ ол АҚШ серіктестері сұраса бұл уақыт кейінге шегерілуі мүмкіндігін де жоққа шығарман.