Қазақстанда өткен тәулікте алты мыңға жуық адам коронавирус жұқтырды

Көрнекі сурет

Өткен тәулікте 5631 адамның коронавирус жұқтырғаны ПТР тест арқылы расталды деп хабарлайды Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі. Бұл - кешегіден 683 адамға аз.

Шілденің соңынан бері тәулігіне мың жарым адам коронавирус жұқтырып келе жатқан Алматыда бүгін де 1505 адамның осы аурумен ауыратыны белгілі болды. Вирус жұқтырғандар жөнінен алдыңғы орында тұрған Қарағанды облысынан өткен тәулікте 860 адам, Нұр-Сұлтан қаласынан 422 адам анықталған.

Ресми мағлұмат бойынша, Қазақстанда коронавируспен ауырғаны лабораторияда расталған 748 851 адам бар. Денсаулық сақтау мининстрлігі базасында тағы да 67,8 мың адам "коронавирус тәрізді пневмониямен ауырғандар" тізімінде тұр.

22 тамыз, жексенбі күні Қазақстанда 97 адам коронавирустан, 23 адам "коронавирус тәрізді пневмониядан" қайтыс болған.

Індет басталғалы Қазақстанда 8512 адам коронавирустан, 4263 "пневмониядан" қайтыс болған. Бұл статистикаға коронавирус қосымша диагноз ретінде ғана қойылып, басқа аурудан қайтыс болды деп есептелгендер кірмейді. Бұл статистикаға күмәнмен қарайтындар да бар.

Шілденің соңынан бастап Қазақстанда тәуілігіне алты-жеті мың адам коронавирус жұқтыратыны анықталған. Денсаулық сақтау министрлігі вирус жұқтырғандардың күрт көбейгенін тез жұғып, жылдам таралатын дельта-штамның пайда болуымен және халықтың қауіпсіздік сақтамайтынымен байланыстырады.