Тәліптер Ауғанстан әйелдеріне жұмысқа бармауға, үйде отыра тұруға кеңес берді. Бұл туралы "Талибанның" ресми өкілі Забихолла Моджахидке сілтеп Би-би-си хабарлады.
"Біздің қауіпсіздік күштеріміз әйелдермен қалай сөйлесіп, қалай қарым-қатынас жасауды біле бермейді. Қауіпсіздіктері толық қамтамасыз етілгенше әйелдердің үйде отыра тұрғанын қалаймыз, бұл көпке созылмайды", - деді Моджахид.
"Талибан" өкілі Кабулдағы эвакуацияны да сөз етіп, әуежайда дүрбелең болып жатқанынын, ауғандардың онда бармай-ақ қойғаны дұрыс болатынын айтты.
Моджахид Вашингтонды Ауғанстаннан кеткісі келетіндерді ынталандырмауға шақырды. Оның сөзінше, Ауғанстан талантты азаматтарға өзі де зәру.
Тәліптер 15 тамызда Кабулды соғыссыз алған соң Ауғанстанға толық бақылау орнатқанын жариялаған. Ауғанстан президенті Біріккен араб әмірліктеріне кетіп қалған.
Тәліптердің ресми өкілі Забихолла Моджахид баспасөз конференциясын өткізіп, тәліптер билігі кезінде Ауғанстан қандай болатынын айтқан болатын. Ол шариғат заңы енгізілетінін, бірақ әйелдер құқығы кеңейетінін, оларға жұмыс істеуге мүмкіндік беретінін ескерткен. Ауғанстанды есірткісіз елге айналдыруға да уәде берген.
"Талибан" қозғалысы 1996-2001 жылдар аралығында Ауғанстанды шариғаттың қатаң заңдарымен басқарған еді. Он жастан асқан қыздар мен әйелдерге оқуға, жұмыс істеуге, күйеуінсіз немесе күйеуінің туыс ер адамынсыз көшеге шығуға тыйым салып, пәренжі киюге міндеттеген.
2021 жылдың 15 тамызынан бастап тәліптер әйелдерге қоғамдық орындарға орамалсыз кіруге тыйым салған.