Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қойма жарылысынан қаза болғандар көбейе бастады. Бұған дейінгі 4 адамның жарылыстан қаза болғаны хабарланған еді.
Жамбыл облысында жүрген Азаттық тілшісі Манас Қайыртайұлы:
- Жарылыс салдарынан өрт сөндіруші Елдос Сандыбаевтың қаза болғаны анықталды. Оның досы қазір осы жерде жүр. Ата-анасы үйіне жылап кетті,-деп хабарлады.
Осы уақытта Қазақстан Қорғаныс министрлігі жарылыстан қаза болған басқа адамның аты-жөнін атап, мәлімдеме таратты.
-Өрт сөндіру командасының бастығы, келісім-шарт қызметінің старшинасы 1992 жылы туған Еркін Нәдірбеков өрт сөндіру кезіндегі жарылыс кезінде көз жұмды. Ол 27 тамыз күні таңертең хабарсыз кеткен әскери қызметшілер тізімінде болатын,-дейді Қорғаныс министрлігі.
Қорғаныс ведомствосының басшылығы марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтып, оның отбасына көмек көрсетілетінін мәлімдеген.
Бұған дейін Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев әскери қоймадағы жарылыстан 4 адам қаза болғанын айтып еді:
- Оңтүстік округтің әскери прокуроры полковник Қапезов, сержант Марат Мешінбай, ефрейтор Руслан Жанболатов және әскери күзет қызметкері Оразбек Дәлібаев мерт болды. Туыстарына әріптестерімнің атынан көңіл айтамын, - деген министр бірнеше адамның із-түзсіз кеткенін мәлімдеген.
26 тамыз күні кешке Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы қоймада өрт шығып, оқ-дәрі жарылған. Бірнеше күшті дүмпу болып, жақын маңдағы елдімекендер эвакуацияланған.