Байден Кабул әуежайына шабуылдаған "Ислам мемлекеті" ұйымынан кек алуға уәде етті

АҚШ президенті Джо Байден Ауғанстандағы ахуалға байланысты мәлімдеме жасап тұр. Ақ үй, Вашингтон, 26 тамыз 2021 жыл.

АҚШ президенті Джо Байден Кабул әуежайына жанкештілерін жұмсап, шабуыл жасаған "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік тобынан кек қайтаруға уәде етті. Бейсенбі күні әуежайдың сыртында террористер өзін жарып жіберді. Шабуылдан кемінде 13 америкалық сарбаз және ондаған ауған азаматы мерт болды, көп адам жараланды.

Бұл шабуыл Ауғанстаннан шетелдік әскерді шығарудың ең шекті мерзімі – 31 тамызға дейін бірнеше күн ғана қалғанда жасалды.

"Бұл шабуылды жасағандарды кешпейміз де, ұмытпаймыз да, сендерді ізіңе түсіп, тауып алып, сазайыңды береміз" деп мәлімдеді Байден Ақ үйден тікелей эфирде берілген телевизиялық бағдарламада.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Кабул әуежайы маңындағы "бірнеше жойқын жарылыстан" 170 адам қаза тапты

Байден осы шабуылды мойнына алған "Ислам мемлекеті" экстремистік тобының "Хорасан уәлаяты" атты бөлімшесі енді америкалық әскердің нысанасына айналады деп мәлімдеді.

"Хорасан уәлаяты" — тамыздың ортасында Ауғанстан билігін орнынан тайдырған "Талибан" қозғалысының жауы.

Қазір АҚШ Кабул әуежайынан мыңдаған адамды – өзінің және одақтас елдердің азаматтарын, сонымен бірге шетелдік әскерилерге көмектескен ауғандарды эвакуациялауды үйлестіріп отыр.

Байден террорлық шабуыл АҚШ-тың миссиясын атқаруын тоқтата алмайды деп мәлімдеді.

"Террористер бізді тоқтата алмайды. Біз миссиямызды тоқтатуға жол бермейміз. Эвакуацияны жалғастырамыз" деді Байден. Оның сөзінше, кейінгі 12 күнде Ауғанстаннан 100 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге шығарылған.

Президент Байден АҚШ әскерін Ауғанстаннан 31 тамызға дейін әкету жоспары өзгермейтінін айтты. Жақын бірнеше күннің ішінде эвакуацияны аяқтауға мүмкіндік бар деді ол. Кей мәліметтер бойынша, қазір Ауғанстанда АҚШ-тың мыңға жуық азаматы бар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Кабул әуежайындағы жарылыстан 60-қа жуық адам өлді. Арасында АҚШ-тың 12 сарбазы бар Кабул әуежайының маңында жарылыс болдыТеррор қаупіне байланысты АҚШ пен одақтастары азаматтарын Кабул әуежайы маңынан кетуге шақырдыӘуежайдағы қарбалас, "Үлкен жетіліктің" "Талибанға" шарты. Ауғанстанда не болып жатыр?Байден: АҚШ Ауғанстандағы операциясын 31 тамызда аяқтайды