АҚШ барлау қауымдастығының күллі әлемді дүрліктірген COVID-19 коронавирусының шығу тегіне байланысты пікірі екіге жарылды, алайда бұл вирус биологиялық қаруға жатпайтынын айтады.
Associated Press агенттігі америкалық барлау әзірлеген есепке сүйеніп, Қытай басшылығы пандемия басталғанға дейін қатерлі вирус жайлы бейхабар болғанға ұқсайды деп жазады.
Қытайдың АҚШ-пен қоян-қолтық байланыста жұмыс істеуден бас тартуы вирустың шыққан тегін талдау ісіне қиындық келтірген. АҚШ ұлттық барлауының жетекшісі Қытай коронавирусты ғаламдық деңгейде зерттеуге кедергі келтіріп, өзге елдермен ақпарат алмаспай отыр деп мәлімдеді.
Америка барлауы есепті әзірлеу барысында одақтас елдермен кеңесіп, бұл жұмысқа үкіметтік емес ұйымдардың сарапшылары мен мамандарын тартқан.
АҚШ барлау қауымдастығының бір бөлігі COVID-19 зертханадан тараған болуы мүмкін деп топшылайды. Ғалымдар болса, бұл вирус табиғи жолмен, яғни, адамға ауру жабайы жануардан жұққан деген болжам нанымдырақ дейді.
Жалпы алғанда, барлау қауымдастығы COVID-19 коронавирусының шығу тегі туралы нақты түсініктеме беру үшін қосымша ақпарат қажет екеніне назар аударады.
АҚШ президенті Джо Байден өз мәлімдемесінде АҚШ пен серіктестері Қытайды індеттің бастапқы кезеңдерін зерттеуде біріге қимылдауға әрі ақпарат алмасуға көндіру үшін Пекинге қысым жасауды жалғастыра беретінін мәлімдеді.
"Бұл пандемияның шығу тегі туралы өте маңызды ақпарат Қытайда бар, дегенмен басынан бастап Қытайдағы үкімет шенеуніктері шетелдік зерттеу мамандары мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мүшелерінің ондай ақпарға қол жеткізуіне жол бермеуге тырысып бақты" деді Байден.
- Мамыр айында АҚШ президенті Джо Байден елдің барлау қызметіне COVID-19 коронавирусы қайдан пайда болғанын тексеруді тапсырып, Қытай зертханасының бұған қатысы бар-жоғын анықтауға үш ай уақыт берген.
- 2021 жылдың басында Қытайдың Ухань қаласына (коронавирус сол жерден тараған) Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшылары барған. Олар зерттеу жүргізіп, COVID-19 коронавирусы жабайы жануардан адамға жұққан болуы мүмкін деген болжам шындыққа көбірек келеді деген тұжырым жасаған.
- Пекин коронавирус пен зертханадан тарап кеткені жайлы шынайы ақпаратты жасырып отыр деген барлық айыптауды жоққа шығарып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қосымша зерттеуіне қатысудан бас тартқан.
- Пандемия басталғалы бері әлемде коронавирус жұқтырған адам саны 215 млн-нан асты, 4,4 млн-нан астам адам көз жұмды.