Жамбыл облысындағы әскери қоймада жарылыс пен өрт болған жерден қаза тапқан тағы бір адам табылған. Бұл туралы 28 тамыз күні Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметі хабарлады.
Марқұмның кім екені анықталып жатыр. Төтенше оқиға болған кезде хабарсыз кеткен үш адамның тағдыры әзірше белгісіз.
26 тамыз күні кешке Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған жарылыс пен өрт салдарынан қаза тапқандар саны 13 адамға жетті. Олардың арасында үш адамның кім екені әзірше анықталған жоқ деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.
Қаза тапқандар арасында әскерилер, төтенше жағдай қызметкерлері мен әскери прокуратура өкілдері бар.
Бұған дейін министрлік төтенше оқиғадан 100 шақты адамның зардап шеккенін, хабар-ошарсыз кеткен бірнеше адамды іздеп жатқанын хабарлаған.
Жұма күні Қазақстан қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Байзақ ауданындағы әскери қоймадағы кейбір оқ-дәрі осыдан екі жыл бұрын дәл осындай әскери бөлімдегі қойма жарылған Арыс қаласынан әкелінгенін айтты.
Бұл жолғы жарылыстың себебі әлі белгісіз. Ермекбаев жарылысқа қоймада қауіпсіздік талаптарының сақталмауы, я химиялық реакциямен өздігінен тууы немесе диверсия себеп болуы мүмкін деп топшылайды.
Азаттық сұрағына берген жауабында қорғаныс министрі Ермекбаев қызметінен кетуге дайын екенін мәлімдеп, бірақ түпкілікті шешімді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдайтынын айтты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жамбылдағы жарылыстың хроникасы