29 тамыз күні Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы өртенген әскери қоймада тағы жарылыс болды. Зардап шеккендер жоқ. Бұл туралы Қазақстан қорғаныс министрлігі хабарлады.
"26 тамызда өрт шыққан инженерлік оқ-дәрілер қоймасының аумағында бүгін, 29 тамызда сағат 12.20 шамасында тарс еткен жалын орын алды. Оқиға орнында зардап шеккендер жоқ, адамдар болмаған. Себептері анықталуда" делінген министрлік баспасөз хабарламасында.
- Бейсенбі кешке Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімі аумағында орналасқан оқ-дәрі сақталатын қоймада жарылыс болды. Жарылыс ошағына жақын елдімекендерден жүздеген адам эвакуацияланған.
- Сенбі күні таңертең Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі жарылыс пен өрт болған жерден қаза тапқан тағы бір адамның табылғанын хабарлады. Қазіргі дерекке сай, төтенше оқиға салдарынан 13 адам қаза тауып, 98 адам зардап шеккен. Оқиға болған кезде хабар-ошарсыз кеткен үш адамды әлі іздеп жатыр.
- Жұма күні Қазақстан қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Байзақ ауданындағы әскери қоймадағы кейбір оқ-дәрі осыдан екі жыл бұрын дәл осындай әскери бөлімдегі қойма жарылған Арыс қаласынан әкелінгенін айтты.
- Бұл жолғы жарылыстың себебі әлі белгісіз. Ермекбаев жарылысқа қоймада қауіпсіздік талаптарының сақталмауы, я химиялық реакциямен өздігінен тууы немесе диверсия себеп болуы мүмкін деп топшылайды.
- Азаттық сұрағына берген жауабында қорғаныс министрі Ермекбаев қызметінен кетуге дайын екенін мәлімдеп, бірақ түпкілікті шешімді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдайтынын айтты.
- Қазақстанда бүгін, 29 тамыз жарылыс құрбандарын аза тұту күні болып жарияланды.