Жаңаөзенде коронавирус вакцинасын салуды міндеттеуге қарсылық акциясы өтті

30 тамызда Жаңаөзенде бір топ белсенді мен қала тұрғындары коронавирус вакцинасын мәжбүрлеп салдыруға қарсылық акциясын өткізді.

Олар "Мәжбүрлі вакцинаға қарсымыз", "Біздің таңдауымыз бар" деген ұрандар жазылған плакат ұстап тұрды. Бұл жайлы Азаттыққа азаматтық белсенді Ұлбосын Тұрдиева айтып берді. Ол акция туралы Facebook парақшасында видео жариялады.

Белсенділер Жаңаөзен әкімдігіне қарсы беттегі орталық алаңға жиналды. Бұл алаңда 2011 жылы 16 желтоқсанда "Жаңаөзен оқиғасы" болған.

Ұлбосын Тұрдиеваның айтуынша, арнаулы жасақ пен полиция автобусы келген соң жиналғандар алаңда тұрмай, орталық көшемен әрі-бері жүрген.

Акция кезінде азаматтық белсенді Мұратбай Жұмағалиев вакцинаны салуға мәжбүрлемеуді сұрады.

- Вакцинаны мүлдем салдырмаймыз демейміз. Бірақ мәжбүрлемесін, әркім өз еркімен салдырсын, -дейді ол.

Акцияға келгендер вакцина алмағандарға өз ақшасына ПТР тапсырту дұрыс емес деп санайды.

-Мысалы, балабақша тәрбиешісі 70 мың теңге айлық алады, айына 3 рет тест тапсырса айлығының жартысы кетеді. Ал вакцина алмағандар жұмыс орнына кіру үшін айына бірнеше рет ПТР тест тапсыруға тиіс. Халық міндетті әлеуметтік сақтандыру жарнасын төлеп отырғандықтан тест тегін болмай ма? -дейді қатысушылардың бірі.

Наразылық акциясына қала әкімі Жаңабай Аймағамбетов келді. Оның сөзінше "рұқсат етілмеген акция заңсыз".

-ПТР тапсыруға ешкімді мәжбүрлемейді. Вакцина салдыру да ерікті. Жиналғандарыңыз заңсыз. Тарқаңыздар, - деді ол.

Қазақстанда үкімет еңбек ұжымдарына коронавирус вакцинасын салуды міндеттеген. Осыдан соң елде вакцияна міндеттеуге қарсы акциялар өте бастады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Екпе салдыр не жұмыстан шық. Ерікті вакциналау міндетті шараға қалай айналды?

Жаңаөзендегі наразылықтың қатысушылары міндетті вакциналаумен қатар балаларына Covid екпесін салуға да қарсылық танытты.

– Қазақстан халқының төлеген ақшасына айлық алып отырсыз.Сіздер халыққа қызмет етуге керексіздер. Қарапайым халық бәрінен зардап шегіп отыр. Мен өз балам үшін келіп отырмын. Сіз бізді тыңдауға тиістісіз, – деді акцияға қатысушы әйелдердің бірі әкімдік өкіліне.

Қазақстан үкіметі америкалық Pfizer екпесіне тапсырыс бергенін, жоспар бойынша оның қазан айында келетінін айтқан. Билік бұл екпе жүкті әйелдер мен 12 жастан асқан балаларға ғана салынады деп отыр. Денсаулық сақтау министрлігі екпенің балаларға ата-анасының рұқсатымен ерікті түрде салынады деді. Бірақ ата-аналар арасында ерікті деп аталған бұл науқан да міндеттіге айналып кетуі мүмкін деген алаңдаушылық бар.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, елде 31 тамызға дейін барлығы 5,3 миллионнан астам адам екпені толық алған. Бұдан бөлек, 1,3 миллион адам екпенің бірінші дозасын алып, екіншісін күтіп отыр.

Елде "Спутник V", QazVac, Sinopharm екпелері (Hayat-Vax және Vero Cell) және CoronaVac вакциналары салынып жатыр. Бірақ аталған вакциналар барлық өңірде бірдей табыла бермейді. Әзірге көбіне "Спутник V" екпесін салынып келеді.

Ресми дерек бойынша, елде коронавируспен барлығы 860 мың науқас тіркелген, оның 13732-сі қайтыс болған. Ел арасында билік дерегіне күмән келтіретіндер, аурудың салдары бұдан ауыр болды дейтіндер көп.