Өзбекстан Сыртқы істер министрлігі Ауғанстанда өзбек тіліне тыйым салынғаны жөнінде Facebook әлеуметтік желісінде тараған ақпаратты теріске шығарды. Бұл туралы Өзбекстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Юсуп Кабулжанов мәлімдеді.
"Өзбекстан Сыртқы істер министрлігнің өкілі сөйлескен тәліптер басшылығы бұл ақпараттың жалған екенін айтты" делінген мәлімдемеде.
Юсуп Кабулжановтың сөзіне қарағанда, "Талибан" пушту және дари тілдерімен қатар өзбек тілі де Ауғанстандағы ресми тілдердің бірі болып қала беретіні жөнінде уәде берген.
"Елдің жаңа басшылығы өзбек тілін оқыту мен дамытуға айрықша назар аударатын болды", – дейді Өзбекстан Сыртқы істер министрлігінің өкілі.
Бұған дейін өзбек тарихшысы Әнуар Нәзір Facebook парақшасы арқылы "тәліптер Ауғанстан мектептеріндегі оқу бағдарламасынан өзбек тілін алды, өзбек тілінің жүздеген мұғалімін жұмысынан босатып, кітапханалардан өзбек авторларының кітабын шығарып тастады" деген ақпарат таратқан.
Ресми деректерде Ауғанстандағы халық саны 32 миллионнан асады. Орталық Азияда Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстанмен шектеседі. Осы елдердің Ауғанстанда ірі диаспоралары бар.
15 тамызда "Талибан" қозғалысы Кабулды соғыссыз алған соң, Ауғанстанға толық бақылау орнатқанын мәлімдеген. Алайда тәліптерге мойынсұнғысы келмейтін күштер Ауғанстанның солтүстік-шығысындағы негізінен тәжіктер тұратын Панжшер шатқалына жиалып жатқаны хабарланған.
Кейінгі мәліметтерге қарағанда "Талибан" қозғалысы жаңа үкімет жарияламаған және Ауғанстанды қалай басқаратыны жөніндегі жоспарларын айтпаған. Бақылаушылардың сөзінше "Талибан" өзінің бұрынғы радикалды ұстанымдарынан бас тартқанына халықаралық қауымдастықты сендіргісі келеді. Алайда кей аймақтарда қарсыластарын қатаң жазаға тартып жатқаны жайлы ақпараттар тараған.