Қазақстан президенті әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Дәурен Абаев "Открытый диалог 2.0" бағдарламасына берген сұхбатында "масылдық" жайлы айтып, жастарды сөкті.
"Бізде мектеп бітірген соң мемлекеттің назарына ілінбей қалатын жастар бар. Олар мектепті нашар оқығандықтан жоғарғы оқу орнына түсе алмайды. Жоғары білімі, тәжірибесі болмағандықтан оларды жұмысқа алмайды. Олар не істейді? Қылмысқа барады я масыл болады" деді ол.
Абаев бұл сөзін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйек күні жасаған жолдауын түсіндіріп отырып айтты. Тоқаев та жолдауында елде "әлеуметтік бағдарламаларды жеке мүддесіне пайдаланатын" адамдар барын айтып, "масылдықты" сөккен.
"Қоғамда патерналистік көңіл-күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алды. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды жеке мүддесіне пайдаланатындар аз емес. Ондай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек" деген еді Тоқаев.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Масылдар", "тиімсіз жұмыс", орыс тілінің мәртебесі. Тоқаевтың үшінші жолдауыҚазақстан билігі кейінгі кезде "халық арасындағы масылдық" туралы көп айтып, мемлекеттен әлеуметтік көмек талап еткендерді жиі сынайтын болды.
2019 жылы тамызда Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев (президенттіктен кетсе де, билікке ықпалын сақтап қалды) өзі басқаратын "Нұр Отан" партиясының жиынында "мемлекет өз міндетін атқарып отыр" деп мәлімдеп, мемлекеттен көмек сұраушыларды "масылдық көзқарастан арылуға шақырған". Оның "екі сиыр сатып ал да, өзіңді асыра" деген сөзі қоғам ашуын туғызған.
2019 жылы қыркүйекте сол кездегі мәжіліс депутаты Владимир Божко "масылдыққа иек артушыларды" кінәлады. Ол "Қазақстанда үш жылда әлеуметтік көмек 17 есе өсті. Тізерлеп отырып, мемлекетке рақмет айту керек. Адам ештеңе істемей, "бер де бер" дегенде оны жөнге салатын қоғамдық пікір болуы керек" деген еді. Осыдан соң мемлекеттен жәрдемақыны көбейтуді талап етіп жүрген көпбалалы әйелдер Ақорданың маңына барып наразылық білдірген.
Тоқаев 2020 жылғы жолдауында да "халық арасында масылдық көңіл-күй артып бара жатқанын" айтқан.
2019 жылғы ақпанда Қазақстан астанасындағы уақытша баспанадағы өрттен бір отбасындағы бес баланың қазасынан соң елде көп балалы әйелдер биліктен жәрдемақы мен баспана мәселесін шешуді талап еткен. Осы қайғылы оқиғадан соң қоғамда билікке деген әлеуметтік жағдайды жақсартуды талап еткендер көбейді.
Сол жылы билік көп балалы отбасындағы әр балаға 21 мың теңгеден атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) шешім қабылдаған. Бірнеше айдан соң үкімет бұл шешімін өзгертіп, АӘК төлеу шартын өзгертіп тастады. Бұл көп балалы отбасылардың наразылығын туғызған.
Сарапшылар Қазақстанда көп балалы отбасыларға, мүгедектерге, мүгедек баласы бар жанұяларға берілетін жәрдемақының мардымсыз екенін; елде инфляция жоғарылап, азық-түлік бағасы қымбаттап, баспана алу қиындап кеткенін жиі айтады.
Экономистер мен саясаттанушылар Қазақстанда қаржы "элитаға ғана қолжетімді болып, қарапайым халық жан бағып кеткен" айтып, билікті әлеуметтік бағдарламаларды түбегейлі өзгертуге шақырады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Шын мәнінде масыл – халық емес, биліктің өзі"