Тоқаев "Талибан" билігін мойындау жайлы: Жағдайға қараймыз

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Владивостокта өтіп жатқан Шығыс экономика форумының пленарлық отырысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстанға билік орнатқан "Талибанға" Нұр-Сұлтанның қатынасы қалай болатыны жайлы айтты.

Ол модератордың "Қазақстан "Талибан" қозғалысын мойындай ма?" деген сауалына "жағдайға қараймыз" деп жауап берді (Қазақстан және біраз ел бұл ұйымды "террористік" деп таныған).

"Бұл мәселеге жауапкершілікпен, сақтықпен қарау керек. Тәліптердің әрекетін бақылайтын боламыз. "Талибан" Ауғанстандағы билікке ұзақ уақытқа келді. Жағдайға қараймыз, Ауғанстанмен сауда қарым-қатынасын жасаймыз. Бұл фактор да режиммен қарым-қатынасымызға әсер етуі мүмкін" деді ол видео байланыс арқылы.

Бұдан бөлек, Тоқаев "Талибан" қозғалысының үкіметін мойындау я мойындамауға келгенде БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің 2003 және 2011 жылғы резолюциясына қару керегін айтты. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің екі резолюциясына сай, "Талибан" террористік ұйым деп танылған.

"Талибан" қозғалысын мойындайтын болсақ, осы екі резолюцияға назар аударуымыз керек. Бұл жерде Қауіпсіздік кеңестің тұрақты мүшелері – Ресей, қытай, АҚШ, Франция және Ұлыбритания шешуші рөл ойнайды. Біз осы мәселе бойынша БҰҰ алаңына қайта оралармыз деп ойлаймын" деді Тоқаев.

Қазақстан президенті "Ауғанстандағы қазіргі жағдайдың енді не боларын болжау қиын екенін", сондықтан Орталық Азия елдері, соның ішінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше елдер, бірге болуы керегін айтты.

"Жақын уақытта ауғандықтар елінен кеткісі келіп, басқа елдерге ағылады. Бұл – аймаққа үлкен проблема" деді Тоқаев.

АҚШ пен оның одақтастары Ауғанстандағы 20 жылға созылған операцияны аяқтап, әскерін әкете бастағалы "Талибан" тобы қайта күш алып, аймақтарды біртіндеп өзіне қарата бастаған. 15 тамызда "Талибан" Кабулға күтпеген жерден кіріп, билікті басып алды, заңды сайланған президент Ашраф Ғани елден қашты.

Тәліптер 1996-2001 жылдары Ауғанстанда билік құрған еді. 2001 жылы 11 қыркүйектегі Нью-Йорктегі терактіден соң АҚШ Ауғанстан өз аумағында террористерді жасырып отыр деп бұл елге әскери операция бастаған. АҚШ әскері Ауғанстанға кірген соң "Талибан" биліктен кеткен, бірақ тартысты тоқтатпаған.

"Талибан" 1996-2001 жылдары Ауғанстанда билік құрған тұста шариғат заңына сүйеніп, әйелдердің жұмыс істеуіне, білім алуына шектеу қойған. Ер адамдарды сақал өсіруге міндеттеген. Өлім жазасы, адамның қолын кесу сынды жазалар қолданған.

Қазір тәліптер әйелдердің білім алуына, жұмыс істеуіне мүмкіндік беретінін айтады, бірақ әйелдердің киімі ислам заңына сай келу керек деп талап етеді. Алайда ауған жұрты тәліптердің сөзіне күмәнмен қарайды.

Тәліптердің қатаң саясатынан қорыққан ауған халқы елден кетуге талпынды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Кабул террористердің Лас-Вегасына айналды". АҚШ әскерінің кетуі Ауғанстанға қалай әсер етеді?"14 жасымда тұрмысқа берді, хат танымаймын". Тәліптер режимін көрген екі қазақ әйелдің әңгімесі"Талибан" әлем елдерінің қолдауына ие болу үшін "өзгеруге" дайын ба?"Талибанның" Ауғанстанда билікке келуі Ресейге қалай әсер етеді?