Қазақстанда бес мыңнан астам Covid науқасы тіркеліп, 134 адам қайтыс болды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәлімдеуінше, 3 қыркүйек күні коронавирус 4830 адамнан анықталған. Одан бір күн бұрын вирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған, бірақ ауру белгілері соған ұқсас "ковидтекстес пневмониямен" (КВИ-) 316 адам тіркелген.
Вирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған (КВИ+) науқастары арасында 98 кісі, "ковидтекстен пневмония" науқастары арасында 36 кісі қайтыс болған.
Ресми статистикаға қарағанда, Қазақстанда коронавирус індетінің беті қайтқаны байқалады. Маусымның соңында елде коронавирустың "дельта" варианты тіркелді. Алғаш рет Үндістанда анықталған бұл вариант жұқпалығы мен науқасты ауыр халге түсіру жылдамдығы бойынша қауіптірек саналады.
Осы вариант тіркелгенге дейін Қазақстанда күнделік тіркелетін науқас саны 1,5 мыңнан аспаса, "дельта" келгелі тәулік көрсеткіші үлкен қарқынмен артып, шілденің ортасына қарай 5 мыңнан, соңында 8 мыңнан асты. Бірақ тамыздың ортасынан бастап бұл көрсеткіш біртіндеп азая бастады.
Індет ушыққан тұста елдің эпидемиялық картасында өңірлердің бәрі "қызыл аймақта" болған. Қазір Түркістан облысы "жасыл аймақта"; Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстары "сары аймақта".
Қазақстан үкіметі індетпен күрес жолы ретінде жаппай вакциналауға басымдық беріп отыр. Осы күнге дейін елде 5,6 миллион адам Covid екпесін толық алды. Бұдан бөлек, 1,2 миллионға жуық адам екпенің бірінші дозасын алып, екіншісін күтіп отыр.
Індет басталғалы Қазақстанда барлығы 808 мыңнан астам адамның анализінен коронавирус анықталған. Ал былтыр тамыздан бастап есептеле бастаған "ковидтектес пневмонияға" 71 мың адам шалдыққан. Екі есепті қоса алғанда, аурудан 15 мыңнан астам адам қайтыс болған.