Қазақстанда коронавирустың беті қайтты

Коронавирус орталығындағы жансақтау бөлімінде жатқан науқастарды қарап жүрген медқызметкер. Нұр-Сұлтан, 6 тамыз 2021 жыл.

Қазақстанда коронавирусты тағы 4866 адам жұқтырды, ауруға осыған дейін шалдыққан 101 адам қайтыс болды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Маусымның соңында елде жұқпалығы мен ауыр халге түсіру жылдамдығы жоғары "дельта" варианты тіркеліп, күнделік тіркелетін науқас саны күрт артты. Шілденің соңынан тамыздың ортасына дейін арасында күніне 8 мыңнан астам науқас анықталып жүрді. Кісі өлімі де артты. Бірнеше күнде тәулігіне 150-ден астам адам қайтыс болды, ал 18 тамыз күні 163 кісінің өлімі тіркеліп, рекорд орнады.

Бірақ тамыздың соңынан бастап індеттің беті қайта бастағаны байқалды. Күнделік тіркелетін науқастар саны біртіндеп азайып, бес мыңнан төмендеді. Кісі өлімі де ауру ушыға бастан шілденің соңындағы деңгейге дейін төмендеді.

Елдің эпидемиялық картасында "қызыл аймақтан" шығып жатқан өңірлер саны артты. 3 қыркүйек күні "сары аймақта" Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстары болса, 4 қыркүйек күні олардың қатарына Қызылорда облысы қосылды. Індеттің шарықтау шегінде "қызыл аймақта" болған Түркістан облысы қазір "жасыл аймақта".

Дегенмен індет денсаулық жүйесіне әлі де салмақ түсіріп тұр. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазір елде коронавирустан барлығы 94 мыңнан астам адам емделіп жатыр. Оның 20,7 мыңы емді стационарда алып жатыр. 420 науқастың жағдайы өте ауыр, 220 адам өкпені желдету аппаратына қосылған.

Індет басталғалы елде 812 999 адамның анализінен коронавирус анықталған. Олардың арасында 9779 адам қайтыс болған. Билік бұл есепке коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ "өзге аурудан қайтыс болды" деген 2633 адамды қоспай отыр.

Сонымен қатар Қазақстан үкіметі былтыр 1 тамыздан бастап коронавирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталмаған, бірақ ауру белгілері соған ұқсайтын "ковидтекстес пневмония" науқастарының есебін жүргізе бастады. Осы күнге дейін пневмонияның бұл түрімен 71 225 адам тіркелді. Оның 4553-і қайтыс болған.

19 миллион халқы бар Қазақстанда үкімет 10 миллион адамға вакцина салуды көздеп отыр. Вакциналау науқанын 1 ақпанда бастаған бұл елде осы күнге дейін барлығы 5,6 миллион адам ғана екпені толық алған. Бұдан бөлек, 1 миллион 172 мың адам бірінші дозаны алып, екіншісін күтіп отыр.