Жамбылдағы жарылыстан қаза тапқандар 16 адамға жетті

Жамбылдағы жарылыс. 26 тамыз 2021 жыл.

Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған жарылыстан зардап шеккен тағы бір әскери қызметкер қаза болды. Бұл жөнінде 7 қыркүйекте қорғаныс министрлігі хабарлады.

"2021 жылғы 7 қыркүйекте Тараз қалалық ауруханасында 26 тамызда Жамбыл облысындағы оқ-дәрілер қоймасында болған өртті сөндіру кезінде алған жарақаттарының салдарынан 28349 әскери бөлімінің әскери қызметшісі 1983 жылы туған, капитан Ерлан Рысқұлбекұлы Қырғызәлиев қайтыс болды. Ол оқ-дәрілерді сақтау бөлімінің бастығы лауазымын атқарған болатын. Қоймадағы өртті жоюға кіріскен алғашқылардың бірі болды" делінген министрлік хабарламасында.

Осылайша Жамбыл облысындағы жарылыстан қаза болғандар 16 адамға жетті. Қазір жоғалған тағы бір адамды іздеу жалғасып жатыр. Апаттан жүзге жуық адам жараланғаны хабарланған.

Қаза болғандардың арасында өрт сөндірушілер, төтенше жағдай министрлігінің, әскери бөлімнің, әскери күзет пен әскери прокуратураның қызметкерлері бар.

26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы 28349 әскери бөліміндегі қоймадағы оқ-дәрілер жарылып, арты өртке ұласқан.

Жарылыстан кейін әскери қоймаға жақын маңдағы ауылдардан жүздеген адам эвакуацияланды. Қазір олардың бәрі үйіне оралған. Тұрғындар арасында жарақаттанғандар жоқ дейді жергілікті билік.

Жамбыл облысы әкімдігінің айтуынша, апат салдарынан 106 тұрғын үй, 12 коммерциялық объект, үш мектеп бүлінген. Әкімдік үйлерді екі ай ішінде қалпына келтіруге уәде берген.

Тамыздың соңында әскери қойманың жарылуына байланысты қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қызметінен кеткен болатын. Ол оқиғадан кейін жарылысқа қоймада қауіпсіздік талаптарының сақталмауы, я химиялық реакциямен өздігінен тууы немесе диверсия себеп болуы мүмкін деп топшылаған.

Оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 462-бабы ("Қару-жарақ, сондай-ақ айналадағыларға қауiп төндіретін заттармен жұмыс істеу қағидаларын бұзу") бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Министрлік 10 жарылыс болғанын, әскери қоймада Арыс қаласындағы қоймадан әкелінген оқ-дәрілер қойылғанын растады. 2019 жылы Арыстағы әскери қоймада да осыған ұқсас жарылыс болып, салдарынан төрт адам қаза тапқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Жоғары деңгейдегі салғырттық". Қазақстанның оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстарды қалай тоқтатуға болады?"Бәріміз қайғырып отырмыз". Жарылыстан соң жоғалған бір азамат әлі табылмадыГенерал: Қазақстанда ескі-құсқы, қажетсіз оқ-дәрі көп!Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға кеттіЖамбылдағы жарылыстың хроникасы