Тәжікстанның ұлттық қауіпсіздік қызметінің өкілдері 6 қыркүйекте Қырғызстанның Баткен ауданы Үштөбе ауылының тұрғыны Кубанычбек Акматовты ұстап әкеткен.
Бұл туралы Қырғызстанның шекара қызметі хабарлады. Соңғы мәліметке сәйкес, Кубанычбек Акматов дәрілік шөптерді теріп жүрген.
Тәжікстанның арнайы қызметі оны транзиттік жолда ұстап алған. Қырғыз азаматынан 100 келі ферула шөбі табылған.
Бұл оқиға бойынша екі елдің өкілдері сөйлесіп жатыр.
Жақын күндері екі елдің шекара қызметкерлерінің кездесуі кезінде де Кубанычбек Акматовті еліне қайтару мәселесі қаралуы мүмкін.
Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасының қашықтығы 970 шақырымдай болса, оның 519 шақырымы ғана бекітілген.
Шекараның келісілмеген тұстары сондағы елді мекендердегі су, жер және әлі анықталмаған шекараны кесіп өту мәселелері дауға жиі себеп болады. Даудың соңы жанжалға ұласып, тараптар бір-біріне тас атады, кейде қарудан оқ атады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қырғыз-тәжік шекарасында тағы атыс болды