Степногорск түрмесінде тұтқынның аштық жариялағаны хабарланды 

Қазақстандағы түрмелердің бірі. Көрнекі сурет.

Ақмола облысы Степногорскідегі ЕЦ-166\18 мекемесінде жазасын өтеп жатқан Абай Сармановтың үш күннен бері аштық жариялап, тамақ ішуден бас тартып отырғаны хабарланды. Мекеме әкімшілігі бұл ақпаратты жоққа шығарады.

Бұл жайды Азаттыққа мәлімдеп, көмек сұраған оның анасы Қаламқас Сарманованың айтуынша, ұлы үш күннен бері нәр тартпай отыр. Ол бұл ақпаратты алғашында түрмедегі өзге сотталушылардың туыстарынан естіген. Ал 8 қыркүйекте ұлының өзі скайппен байланыс кезінде растаған.

"8 қыркүйекте бас прокуратураға көмек сұрап барған кезде олар арызды қабылдамаймыз, бірақ түрмемен скайп байланыс арқылы қосылып көрейік деді. Сөйтіп олар скайп арқылы түрмемен сөйлесті. Маған "ұлыңыздың дауысын естіңіз" деп мені қосып қойды. Бірақ дауыс сапасы нашар болды. Олар менің ұлымнан "не үшін аштық жариялап жатсың?" деп сұрады. Балам "менің қылмыс істегеніме дәлел жоқ" деді" дейді ол.

Ол ұлының істі қайта қарауды талап етіп отырғанын айтты.

Қаламқас Сарманова бүгін, 9 қыркүйекте ұлы жөнінде ақпарат білмек болып түрмеге барғанын, бірақ кіре алмағанын айтты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ақтау түрмесінде екі тұтқын қарсылық білдіріп, қасық жұтқан

Абай Сармановтың жасы 41-де. Түркістанда туған. Оны биыл ақпан айында 7 жасар қызға "жыныстық сипаттағы зорлық жасауға ұмтылды" деген айыппен 20 жылға соттаған. Бірақ Сармановтың өзі айыбын мойындамаған.

Анасының айтуынша, "сараптама қорытындысы ұлының ешкімді зорламағанын көрсеткен". Ол біреулер оған "қылмысты мойнына ілді" деп санайды. Апелляциялық сот сатысы үкімді өзгертпеген.

Қаламқас Сарманова сөзінше, әлеуметтік жағдайы төмен болғандықтан адвокат жалдап, қорғану мүмкіндігі болмаған.

9 қыркүйекте Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі Абай Сармановтың аштық жариялағанын жоққа шығарды. Азаттық тілшісі әзірге бас прокуратура өкілдерінен жауап ала алмады.

- Сармановтың мекеменің әкімшілік жүйесіне ешқандай шағымы жоқ. 8 қыркүйекте өзінің қылмыстық ісі бойынша шағымын жеке прокурормен бейнебайланыс кезінде айтты. Сотталушыдан бүгінгі таңда тамақтан бас тарту туралы өтініш түспеген. Тамақ ішіп жатыр, жағдайы жақсы, - деді комитеттің баспасөз хатшысы Ақерке Жаубасарова.

Бірақ бұл уәжбен Қаламқас Сарманова келіспейді. Ол жалғыз ұлының жағдайына алаңдайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Ержан Елшібаев: Түрмеде сотталушыға адам деп қарамайды, суицидке өздері итермелейдіҚызылорда түрмесінде төрт тұтқын өзіне қол салды, туыстары "қысымға шыдамағанын" айтадыТүркістан облысында алты сотталушы қарсылық ретінде денелерін тілген