АҚШ және Қытай басшылары жеті ай ішінде алғаш рет телефон арқылы сөйлесті. Әлем экономикасында жетекші орынға ие екі ел арасындағы қарым-қатынас көптеген мәселе мен дауларға қатысты ушығып тұр.
АҚШ президенті Джо Байден мен Қытай басшысы Си Цзиньпин "терең, стратегиялық мәселелер бойынша пікір алмасты, оның барысында екі ел мүддесі тоғысатын салалар, сонымен бірге тараптардың мүдделері мен құндылықтары сәйкес келмейтін мәселелер де талқыланды" делінген Ақ үй хабарламасында.
Қаңтар айынан бері екі ел басшысы екінші рет телефон арқылы тілдесіп отыр.
Вашингтон мен Пекин арасындағы жағдайдың бірнеше жылдан бері ушығуы өзге мәселелермен қатар сауда, киберқауіпсіздік, адам құқығы, оның ішінде Шыңжаңда түркі тілді халықтың қудалануы мәселелерімен байланысты.
Кейінгі кезде АҚШ Пекинді коронавирустың пайда болу себебін зерттеуде ашықтық танытпады деп те сынап келеді. Коронавирус ауруы алғаш рет Қытайда тіркелген.
АҚШ сонымен бірге Пекиннің Тайвань және Оңтүстік Қытай теңізіндегі территориялық даулар бойынша саясатына наразы.
Екі ел әріптестік орната алады деген салалар арасында ғаламдық жылынумен күрес, Корея түбегіндегі ядролық дағдарыстың алдын алу, ғаламдық экономика тұрақтылығы мәселелері бар.
Ақ үйдің хабарлауынша, Джо Байден АҚШ екі ел арасында қақтығысқа ұласып кетпейтіндей дені дұрыс, жауапты бәсеке болғанын қалайтынын айқын жеткізген.
Қытайдың CCTV мемлекеттік арнасының келіссөз бойынша таратқан хабарламасына қарағанда, Си Цзиньпин Джо Байденге Вашингтон әрекетінің салдарынан "елеулі қиындықтарға" тап болғанын атап өткен. Мемлекеттік БАҚ-тың жазуынша, Си Цзиньпин "дұрыс қарым-қатынас әлемнің болашағы мен тағдыры үшін өте маңызды" деп айтқан.