Қазақстанда ас тұзын өндіретін "Аралтұз" компаниясының жұмысшылары ереуілді тоқтатты. Жұмыс беруші ереуілшілердің талаптарын ішінара орындаған. Қызылорда облысындағы кәсіпорынның өндіріс линиясы қайта жұмысқа кірісті деп хабарлады "Аралтұз" компаниясы.
"Кәсіподақ пен жұмысшылардың уәжін қарастырған компания басшылығы жалпы экономикалық жағдайды ескере отырып, 2021 жылдың 1 қыркүйегінен бастап өндіріс қызметкерлерінің жалақысын 22,5 пайызға өсіру туралы шешім қабылдады. Одан бөлек, жыл қорытындысы бойынша өндіріс жоспарын орындағаны үшін әрбір жұмысшыны қолдау әрі ынталандыру шарасы ретінде қосымша сыйақы белгілеу тапсырылды" делінген компанияның 10 қыркүйек күнгі хабарламасында. Хабарлама кәсіпорынның ресми сайтында жарияланды.
1 қыркүйектен бастап ереуілге шыққан мыңнан астам жұмысшы жалақыны кемінде 50 пайызға өсіруді талап еткен болатын. Олардың сөзіне қарағанда, кәсіпорын жұмысшылары орташа есеппен 48 мың теңге (шамамен 110 доллар) жалақы алады. Экологиялық жарнаны қосқанда айына 80 мың теңге (шамамен 185 доллар) шығады.
Видео: "Айлық жетпегендіктен, ашынғаннан шығып тұрмыз". "Аралтұз" жұмысшылары ереуілдеп жатыр (3 қыркүйек 2021 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5
"Аралтұз" акционерлік қоғамы тұз өндіру және қайта өңдеу саласындағы ірі кәсіпорын. Компания мәліметіне қарағанда, жылына 450 мың тоннаға жуық тұз өндіріп, оның 75 пайызын Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Украинаға экспорттайды. 1200-ден аса қызметкері бар.
Қазақстанда ереуіл жұмысшылар үшін жалақыны өсіріп, еңбек құқығын талап етудің негізгі тетігіне айналды. Елдің батыс өңірінде жаз айлары жиырмаға жуық түрлі компания ереуілге шықты. Басым бөлігі мұнай сервис, көлік, коммуналдық сала бойынша қызмет көрсетеді. Олардың кейбірінің талаптары толық, кейбірінікі жартылай орындалды. Талаптары орындалмаған жұмысшылар да бар. Кейбір жағдайда ереуілшілер қысқаруға ұшыраған.