Маңғыстаудағы жем-шөп тапшылығына еңбек мигранттары да себеп болған

Аштан өлген жылқы. Маңғыстау облысы Ақшымырау ауылы. 14 шілде 2021 жыл.

"Былтыр Маңғыстау облысында шөп аз шабылды. Оған коронавирус індетіне байланысты көрші елдерден келетін азаматтардың аз келуі себеп болды". Бұл сөзді бүгін, 15 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде "Маңғыстау облысының фермерлеріне көрсетілген көмек пен қысқы жемді жинау туралы" баспасөз мәслихатын онлайн өткізген Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязов айтты.

Маңғыстау облысы әкімінің орынбасарына Азаттық тілшісі "Маңғыстауда биыл қуаңшылық күшті болатынын жөнінде былтыр, 2020 жылы-ақ баспасөз бетінде айтыла бастады. Қатты қуаңшылық болатынын облыс әкімдігі білді ме, әлде білмей қалды ма? Білсе қандай шара қолданды?" деген сұрақ қойған еді.

"Қуаңшылық болатыны жөнінде былтыр кім айтқанын айтып жіберсеңіз" деген Ғалымжан Ниязовтың сөзінше, Маңғыстауда 2021 жылы қуаңшылық күшейетінін алдын ала болжау мүмкін болмағанға ұқсайды. Бірақ оның айтуынша, шөп аз шабылған.

- Былтыр шөп аз шабылды. Оған көрші елдерден пандемияға байланысты азаматтардың келмеуі себеп болды, - деді.

Ғалымжан Ниязов "көрші елдерден келетін азаматтардың кімдер" екенін нақтылаған жоқ. Былтыр, 2020 жылы коронавирус індетіне байланысты түрлі шектеу шараларынан кейін Қазақстанға көршілес Өзбекстан мен Қырғызстаннан келетін еңбек мигранттары күрт азайғаны байқалған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Маңғыстауға көмектескісі келген еріктілер: "Жиналған шөпті жібере алмай отырмыз"

Ғалымжан Ниязовтың сөзінше, Маңғыстау облысының әкімдігі қамсыз қалмағанға ұқсайды, "2021 жылдың қысында-ақ Ақтөбе облысынан шөп тасуға кірістік" дейді ол.

Биыл ерте көктемде жауын-шашын түспеуіне байланысты Маңғыстау облысы мен Қазақстанның тағы да бірқатар өңірлерінде мамыр айынан бастап қуаңшылық күшейіп, жаппай мал қырыла бастаған. Маңғыстау шаруалары Азаттыққа қуаңшылық биыл ғана емес былтыр да болғанын, 2021 жылы одан да күшейе түсуі мүмкіндігі жайлы дабыл қаққанын айтқан еді.

Биыл 10 шілдеде үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қуаңшылықтан ауыл шаруашылығы қатты зардап шегіп жатқанын айта келе "болжам жасау жұмысының тиімсіздігінен ахуал ушығып кеткен" деген еді.

– Әсіресе, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында жағдай күрделі. Бір ғана Маңғыстаудың өзінде жаппай қырылған малдың саны 3 мыңға жетті, – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сөзінше, "әкімдіктер мен Ауыл шаруашылығы министрлігі дұрыс шешім қабылдамай, жүйелі әрі нақты жұмыс атқарылмаған, соның салдарынан шаруалар тығырыққа тірелген".

Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровты отставкаға жіберген. Оның орнына орынбасары Ербол Қарашөкеев ауыл шаруашылығы министрі міндетін атқарушы болып тағайындалып, бірер айдан соң бекіген.

Қарай отырыңыз: Жұт. Маңғыстаудағы қуаңшылық (Тамыз айы, 2021 жыл).

Your browser doesn’t support HTML5

Жұт. Маңғыстаудағы қуаңшылық