15 қыркүйек күні Шымкенттің Еңбекші аудандық соты "тыйым салынған ұйымды құрды және оның жұмысына араласты" деп айыпталған азаматтық белсенді Ләззат Досмамбетованың бостандығын 2 жыл 6 айға шектеп, 5 жылға дейін қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салды. Қалалық сот үкім шыққанын растады.
Досмамбетоваға елде "экстремистік ұйым" деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" мен "Көше партиясы" қозғалысының жұмысына араласып, ұйымды құрды (405-бап, 1,2-бөліктері) деген айып тағылған.
- Мұхтар Әблязовпен онлайн сөйлескенім үшін, 2020 жылдың қазан айында Телеграммда митинг өткізу үшін әкімдікке ескерту берейік деп ұсынысын жасағаным үшін, марқұм Дулат Ағаділ туралы пікір айтқаным үшін кінәлі деп тапты. Сот үкімімен келіспеймін. Апелляциялық шағым түсіремін, - дейді Досмамбетова.
Іс сотқа 12 шілдеде түскен. Іске судья Светлана Шынәлиева төрағалық етті. Прокурор соттан Досмамбетованың бас бостандығын 3 жылға шектеп, 5 жылға дейін қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салуды сұраған.
Көп балалы ана, азаматтық белсенді Ләззат Досмамбетова 2019 жылдан бері түрлі наразылықтарға қатысқан.
2020 жылы астананың Есіл аудандық соты “Көше партиясын” “экстремистік” деп танып, оның қызметіне тыйым салған. Екі жыл бұрын ҚДТ жұмысына да осындай себеппен шектеу қойған еді. Еуропарламент бұл екі ұйымды “бейбіт оппозициялық қозғалыс” деп атайды. Екі ұйым Қазақстандағы авторитарлық басқаруды тоқтатуды және парламенттік басқару жүйесіне көшуді талап етеді.
"Көше партиясы" мен ҚДТ-ға тыйым салу туралы сот шешімдері жарияланған жоқ. Қазақстандық құқық қорғаушылар билік осы екі ұйымға қатысқан деген айыппен 300-ге жуық адамды қудалауға салды деп санайды.
Биыл шілде айында халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Нұр-Сұлтанды белсенділерді қудаламауға және саяси оппозициялық қозғалыстарды "экстремизм" үшін айыптамай, еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беруге шақырған еді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Балаларымның болашағын ойлап шеруге шықтым". Үш айда бес рет қамалған белсендіНұр-Сұлтан соты белсенді Асқар Қайырбектің түрмедегі мерзімін 2 жыл 2 айға ұзартты Алматыда 13 белсендінің сотына бақылаушылар мен журналистерді қатыстырмадыНұр-Сұлтанда белсенділер АҚШ елшілігіне барып, "ҚДТ ісіне араласты" дегендерге араша сұрады