Жамбылдағы жарылысқа байланысты "жалған ақпарат" бойынша іс қозғалды, журналистер полицияға шақырылды

Жарылыс болған әскери бөлімге апаратын жолда полиция ешкімді өткізбей тұрған жерге келген телеоператор. Байзақ ауданы, Жамбыл облысы. 27 тамыз 2021 жыл.

Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы жарылыс кезінде тараған ақпаратқа байланысты облыстық полиция департаменті Қылмыстық кодекстің "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабымен қылмыстық іс қозғады. Полицияға облыстық ішкі саясат басқармасы шағым түсірген. Куә ретінде Turaninfo.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Исламбек Дастан, ал қорғануға құқығы бар куә ретінде 7 арнаның тілшісі Данияр Әлімқұл шақырылған.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, іс Қылмыстық кодекстің "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабының "бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет" бөлімімен тергеліп жатыр. Тергеу амалдары басталған.

Іске қорғануға құқығы бар куә ретінде шақырылғанын растаған Данияр Әлімқұл үндемеу туралы қолхатқа қол қойып бергенін айтады.

Ал куә ретінде шақырылған Исламбек Дастанның айтуынша, Facebook парақшасында жарылыс кезінде тікелей эфир жүргізген. Онда жарылыс болып жатқанын, елдің үрейленіп келе жатқанын айтқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жамбылдағы жарылыстың хроникасы

- Жарылыс болды ма болды. Жарылыс туралы ақпаратты терістеу қисынсыздау, - дейді Исламбек Дастан.

Дастанның қорғаушысы Әлия Арзымбетова іс бойынша әзірге күдіктілер жоқ екенін, тек куәлер бар екенін айтады.

Әзірге қылмыстық іске нақты қандай жайт түрткі болғаны белгісіз. Журналист Жасұлан Әбдіхалық бір күн бұрын Facebook парақшасында мәселе "бір депутаттың үйінде үйіліп жатқан снарядтардан басталса керек" деп жазған.

"Біреудің қорасында айнала бала-шағаға қауіп төндіріп жатқан пәленбай тонна металломды эфирге шығардың, сол арқылы қоғамдық тәртіпті бұзып, жалған ақпар тараттың, жұртты дүрліктірдің деп айыптаса, қолындағы соткасын тәркілеп алса, біздің құзырлы органдар біткен екен. Шырақтарым-ау, қайта дер кезінде дабыл қағып елді сақтандырып, құзырлы органдарды құлақтандырып ақпарат таратқаны үшін сотка сыйлайтын жөндерің ғой" деп жазды журналист.

Желі қолданушылары журналистерді кәсіби міндетін атқарғаны үшін қылмыстық қудалауға болмайды деп жазды.

26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданының әскери бөліміндегі қоймада оқ-дәрілер жарылып, арты өртке ұласқан. Жарылыстан кейін әскери қоймаға жақын ауылдардан жүздеген адам эвакуацияланған. 17 адам қаза тапты. Олардың 10-ы - азаматтық қорғаныс, алтауы – қорғаныс министрлігі, біреуі – әскери прокуратура қызметкері. Тағы бір адам іздестіріліп жатыр. Оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 462-бабы ("Қару-жарақ, сондай-ақ айналадағыларға қауіп төндіретін заттармен жұмыс істеу қағидаларын бұзу") бойынша қылмыстық іс қозғалған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Жоғары деңгейдегі салғырттық". Қазақстанның оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстарды қалай тоқтатуға болады?"Бәріміз қайғырып отырмыз". Жарылыстан соң жоғалған бір азамат әлі табылмадыГенерал: Қазақстанда ескі-құсқы, қажетсіз оқ-дәрі көп!Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға кеттіӘскери қоймадағы жарылыстан 14 адам мерт болып, ондаған кісі жараланды, бірнешеуі хабарсыз кетті