Сот "СК-Фармацияның" бұрынғы басшысына шыққан ақтау үкімінің күшін жойды

16 қыркүйекте апелляциялық сот "СК-Фармацияның" бұрынғы басшысына шыққан ақтау үкімінің күшін жойды. "Лауазымдық өкiлеттi теріс пайдаланып" соның нәтижесінде "дәрігерлерге жаппай вирус жұқты" деп айыпталған Берік Шәріп 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Informburo сайты хабарлады.

Берік Шәріпке екі бап бойынша айып тағылған: "лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану" (361-бап, 4-тармақ 3-пункт) және "заңсыз қару-жарақ сақтау, алу, тасымалдау" (287-бап 2-тармақ 3-4 пунктер).

Тамыз айының басында бірінші инстанциядағы сот оны "лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану" бабы бойынша ақтап, "заңсыз қару-жарақ сақтау" айыбы бойынша кінәлі деп танып, 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салған.

16 қыркүйекте апелляциялық алқа Шәріпті аталған екі бап бойынша да кінәлі деп танып, 3 жыл 6 ай түрме жазасын тағайындады, ол жазасын қауіпсіздігі төмен мекемеде өтейді. Сот үкіміне сәйкес, ол өмір бойы мемлекеттік қызмет атқара алмайды, квазисектор саласында да қызмет етуіне тыйым салынды. Бірінші инстанцияда "заңсыз қару-жарақ сақтау" бабы бойынша шыққан үкім (айыппұл) өзгеріссіз қалғанмен оны қатаң жаза (түрме жазасы) алмастырған. Оның сот үкімі шыққанға дейін түрмеде болған шамамен бір жыл уақыты ескеріледі.

"Прокурор пен қорғау тарабының келтірген дәйектерін қараған сот алқасы бірінші инстанциядағы сот дұрыс емес баға берген деген қорытындыға келді" деді судья.

Тергеу органдары Берік Шәріп былтыр індет кезінде "бір реттік қорғаныш киімдерін сатып алу бойынша басқа тасымалдаушыларға қарағанда қымбатырақ баға ұсынып, соның өзінде өнімді уақытында жеткізбеген компанияға басымдық берді" деп айыптаған. Соның салдарынан тергеу болжамынша, елде қорғаныш киім тапшылығы туындап, нәтижесінде дәрігерлер жаппай коронавирусқа шалдыққан.

Берік Шәріп "лауазымдық өкiлетті теріс пайдалану" бабы бойынша айыпты мойындамаған, ал "заңсыз қару-жарақ сақтау, алу, тасымалдау" бабы бойынша айыппен келіскен.

Бұған дейін бұрынғы денсаулық сақтау министрі, қазір "жемқорлық күдігімен" үйқамақта отырған Елжан Біртанов Шәріп сотында куәгер ретінде сөйлеп, компания басшысының кінәсі жоғын айттқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Сот "өкілетін асыра пайдаланды" деп айыпталған "СК-Фармацияның" бұрынғы басшысын ақтадыБіртанов "СК-Фармацияның" бұрынғы басшысы Берік Шәріп сотында куәлік етті"СК-Фармацияның" экс-басшысы "жаппай вирус жұқтырды", "заңсыз қару сақтады" деп айыпталды"Саяси ерік-жігер керек". Қазақстан жемқорлық шырмауынан қайтсе құтылады?Біртанов қамалған соң "денсаулық министрлігінің қызметкерлерін тергеуге шақырған"