Тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық партиясының" сенбі күнгі митингісі қарсаңында ұйым өкілдері тағы екі белсендісінің ұсталғанын хабарлады. Құқық қорғаушы, белсенді Инга Иманбай Facebook парақшасында полиция түнде Дәурен Достияров пен Теміртас Нағиметуллаевты ұстап әкеткенін жазды.
Азаттық тілшісі әзірге полициядан жауап ала алмады.
Бір күн бұрын ұйым белсендісі Ырысбек Тоқтасын "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін" 15 тәулікке қамалған. Ұйым өкілдері кейбір белсенділердің соңынан белгісіз көлік аңдығанын, кейбірінің "полиция ұстамас үшін" үйлерінен кетіп қалғанын айтқан.
Бұған дейін тіркелмеген "Демпартия" ұйымы жақтастарын Алматыдағы Абай ескертішінің алдына тілді қолдау митингісіне келуге шақырған. Ұйым өкілдерінің айтуынша, шара кезінде қоғамда дау туғызған цифрландыру, саяси тұтқындар мәселесі де қозғалады.
- Қазақстанда қандай да бір митинг өтетіні хабарланған кезде полицияның шара өтпей тұрып белсенділерді үйінен ұстап әкетуі, көшеге шығармауы, әкімшілік қамауға алуы әдетке айналған.
- Былтыр қабылданған бейбіт жиын өткізу тәртібі туралы заң акцияны ұйымдастырушыларды жергілікті әкімдікке ескерту жасап, "мақұлдауды" күтуге міндеттейді. Аталған заңға сәйкес, шаралар тек арнайы белгіленген жерлерде ғана өтуі тиіс. Мұндай орындар көбіне елді мекен орталықтарынан алшақ жерлерде орналасады. Әкімдікпен келісілмеген шаралардың барлығы "заңсыз" деп саналады, оған қатысушылар сотталады.
- Көптеген халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен сарапшылар аталған заң қазақстандықтардың конституциялық құқығын шектейді деп санайды.