Тоқаев Маңғыстаудағы еңбек дауы жөнінде: Кей компаниялар жұмысшыларын ереуілге өздері итермелейді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Маңғыстау облысы, 22 қыркүйек 2021 жыл.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Маңғыстау облысында еңбек дауы өршіп тұр, елдегі еңбек дауының 80 пайызы осы өңірде болады" деп мәлімдеді. Осы апта ортасында Маңғыстау өңіріне барған президент аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңес отырысы кезінде осылай деп мәлімдеді.

"Елімізде еңбек дауларының 80 пайызы Маңғыстау облысында болады. Жыл басынан бері өңірде осындай 150 дау туындады. Оның 130-дан астамы мұнай-газ секторында. 8 ірі кәсіпорын дағдарыс алдында тұр. Қазір жұмыс азайып жатыр. Соның салдарынан 1,5 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Бұлардың барлығы мұнай саласында қызмет көрсететін компанияларда істейді. Біз былтыр бірдей қызмет атқаратын жұмысшыларға төленетін жалақы да бірдей болуын заң жүзінде міндеттедік. Оларға өндірісте және тұрмыста тең жағдай жасалуын талап еттік. Әкімдік құзырлы органмен бірлесіп, еңбек заңнамасының сақталуына қатаң бақылау жасауы керек" деді президент.

Ол еңбек дауларының едәуір бөлігі "Қазмұнайгазға" еншілес компаниялардан шығып жатқанын айтып, "Самұрық-Қазына" мен "Қазмұнайгаз" бұл мәселемен мықтап айналысуы тиіс деді.

"Кейбір жеке компания басшылары жұмысшыларын ереуілге әдейі итермелейді. Бұл компаниялардың тізімі менде бар. Мақсаты халықты қалқан етіп, мемлекеттен ақша алу. Біз мұны білеміз. Олар бөлінген қаржыны жұмысшыларға бермей, өз қалтасына басады. Мұндай қитұрқы әрекеттің жолын кесу керек. Осындай компанияларға аудиторлық және тағы басқа тексеріс жүргізу керек. Жұртты арандатып, мемлекетке қоқан-лоқы көрсетуге болмайды. Бәрі заң аясында жасалуға тиіс" деді Тоқаев.

Ол Жаңаөзенде тұрақты жұмыс істейтін ведомствоаралық штаб құру қажеттігін, оған мемлекеттік органдар мен "Cамұрық-Қазына" белсене қатысуы керек деді. Оның айтуынша, Жаңаөзенде жұмыссыздар саны 17,1 мың адамға жеткен. Ол "жергілікті жұрт жұмыс таппай жүрсе, мердігерлер басқа жақтан жұмыс күшін тартып жатыр" деп жергілікті компанияларды сынады. Ол әкімдік пен "Самұрық-Қазынаға" бірінші кезекте жұмыссыздық мәселесін шешуге көңіл бөлуді тапсырды.

Биыл жаз айларында Маңғыстау облысын ереуілдер шарпыды: жиырмаға тарта кәсіпорын жұмысшылары жалақы өсіруді және еңбек жағдайын жақсартуды талап етті. Көп жағдайда жұмыс берушілер ереуілшілермен келіссөз өткізіп, олардың талаптарын толық немесе ішінара орындаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Techno Trading жұмысшылары 24 күнге созылған ереуілден соң талаптарына қол жеткіздіҚарақия соты Techno Trading LTD жұмысшыларының үш апта жүріп жатқан ереуілін заңсыз деп таптыМаңғыстаудағы жем-шөп тапшылығына еңбек мигранттары да себеп болғанСот "заңсыз" деген ереуілде тұрғандар жұмыс берушіге қойған талабы орындалғанын күтпекЖыл басынан бері ереуілдеткен мұнайшылар талабы қалай орындалды?