Сайлау нәтижесіне қарсы 25 қыркүйекте наразылыққа шыққандардың бәрін Магаданға айдап, Сібірде қала салғызу керек. Ресей Думасының депутаты, ЛДПР партиясының жетекшісі Владимир Жириновский бұл сөзді Владимир Путинмен кездесу кезінде айтты.
Сол күні Ресей президенті Владимир Путин Думаға өткен саяси партиялардың жетекшілерімен видеоконференция арқылы байланысты. Владимир Путин сайлау ашық және заң талаптарына сай өткенін мәлімдеді.
Оның сөзінше, электронды дауыс беру тәсілі тек "сайлау қорытындысы көңілінен шықпағандарға ғана ұнамаған". Ол сайлаушылардың айрықша белсенділік көрсеткенін, 1999 жылдан беру Думада бірінші рет бесінші партия пайда болғанын айтты.
Владимир Путин Мемлекеттік дума спикері қызметіне Вячеслав Володинді қалдыруды ұсынды.
Путинмен кездесер алдында Ресей коммунистік партиясының жетекшісі Геннадий Зюганов сайлаудағы әділетсіздік туралы айтатын болған. Бірақ кездесу кезінде бұл тақырыпты көп қаузамауға тырысқаны байқалды.
"Дауыс беруді үш күнге созу және сайлау кезінде әкімшілік ресурсты пайдалану, біріншіден - сенімнен айырады, екіншіден - саяси жүйенің өзін де құртады,-деді ол.
25 қыркүйекте Мәскеуде Геннадий Зюгановтың коммунистік партиясы Дума сайлауының қорытындысына наразылық білдіріп, рұқсатсыз акцияға шыққан. 17 қыркүйек пен 19 қыркүйек аралығында Ресейде Мемлекеттік дума сайлауы өтіп, "Единая Россия" партиясы көпшілік орынды алған.