30 қыркүйекте Қазақстанда 2096 адамның анализінен коронавирус анықталды. 2661 адам коронавирустан жазылып шықты. Денсаулық сақтау министрлігінің 1 қазан күнгі хабарламасында осындай мәлімет жазылған.
Өткен тәулікте Алматы қаласында 500-ге жуық науқас тіркелген. Нұр-Сұлтан (284) мен Алматы облысында (233) коронавирустың күндік көрсеткіші 200-ден асқан. Қалған облыстар мен қалаларда одан аз науқас анықталған.
Қазір "қызыл аймақта" екі қала мен бір облыс қалды: Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары, Павлодар облысы. Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау және Қызылорда облыстары "жасыл аймақта". Қалғаны "сарыда" тұр.
Індет басталғалы бері 886 мың адамның ПТР тесті оң шыққан. Басым бөлігі жазылған. 11 220-ы қайтыс болған. 29 қыркүйекте 42 адам көз жұмды. Коронавирус жұқтырғаны расталған 3123 адамның өлімі осы індеттен қайтыс болғандардың статистикасына кірмей қалған.
Денсаулық сақтау министрлігі былтыр тамыздан бері есепке ала бастаған коронавирус пневмониясына шалдыққандар 75,8 мың адамға жетті. 4835-і қайтыс болған. 27 қыркүйекте коронавирус пневмониясына шалдыққандар арасында 7 адам өлімі тіркелді. 168 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылды.
Қазір 60 мың адам коронавирустан емделіп жатыр. 10 мыңы – ауруханада. 805 адамның жағдайы ауыр. 221 пациент хәл үстінде жатыр. 139 адам жасанды тыныс аппаратына қосылған.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, тамыздың соңынан бері науқастардың азаюына байланысты Қазақстанда 57 ковид стационары жабылған.
6,5 млн адам коронавирусқа қарсы вакцинаның толық дозасын алған. 1,1 млн адам екінші дозасын күтіп отыр.