Бас прокуратура Солтүстік Қазақстан облысы полициясының бірнеше қызметкеріне қозғалған қылмыстық істі тоқтатуға келісті. Петропавл тұрғыны Ирина Рейбант ұлының өліміне сол бірнеше полицейді кінәлаған. Оның айтуынша, 2017 жылы 25 жастағы ұлын полицейлер ұрып-соққаннан кейін алған жарақаттан ұлы бірнеше айдан соң көз жұмған.
Қаза болған жігіттің анасы мен адвокатының істі тоқтатпау жөнінде арызын қараған Бас прокуратура полиция қызметкерлері тарабынан заңсыздық болмады деген қорытындыға келген. Ведомствоның мәліметінше, іс бойынша сұралған куәгерлер "дене жарақатын растамаған", ал Рейбанттың анасының өтініші бойынша қылмыстық процеске қатысы бар адамдарға жүргізілген психологиялық-қылмыстық сараптама олардан "жаттандылық, қысым немесе өтірік айту белгілерін" анықтай алмаған.
"Іс дұрыс шешілуі үшін заңда көрсетілген барлық шара қабылданған. Бас прокуратура қабылданған процессуалдық шешіммен келісті" делінген прокуратура жауабында.
Ұлының өліміне кінәлілерді жазалауды талап етіп, жазда бір ай бойы аштық акциясын өткізген, бірнеше рет пикет жасаған зейнеткер Ирина Рейбант прокуратура істің байыбына бармады деп санайды.
— Бас прокуратура іс материалдарын талап етіп, толық қарайды деп үміттенген едім. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығынан сол баяғы куәгерлерлерді тартқан. Дегенмен 2018 жылғы тергеу кезінде куәгелердің бірі бір полицей Анатолийдің мойнынан қысып, футболкасын қайыра көтеріп, бетін жауып, қысты деп айтқан. Осы куәлік қайда кетті? Оны тіпті оқымаған да шығар. Мен мұнымен келіспеймін. Іс әбден сотқа жетер кезде кенет жабылды. Тағы да талап етемін, тоқтатпаймын. Нұр-Сұлтанға қайтадан барамын, — деді Азаттық тілшісіне Ирина Рейбант.
2017 жылы наурыз айында полиция 25 жастағы Анатолий Рейбантты ұстап, Уақытша адаптация және детоксикация орталығына апарған. Оның ата-анасы мен куәгерлер Анатолий Рейбантқа полиция сол кезде күш қолданды деп санайды.
Осыдан кейін Рейбантқа миы шайқалып, бет сүйегі мен мұрны сынған деген диагноз қойылған. Бірнеше айдан кейін, 4 шілдеде үйінде қайтыс болған. Оны "соққы салдарынан өлді" деп есептейтін анасы полиция қызметкерлерін қылмыстық жауапқа тартқысы келеді.
2021 жылы шілденің ортасында "қылмыс жоқтығына байланысты" іс кезекті рет тоқтатылған. Тергеуді жүргізген облыстық полиция департаментінің ішкі қауіпсіздік басқармасы Анатолий Рейбант өзін өзі жарақаттаған, оның өліміне 2017 жылы 2 наурызда болған оқиғаның қатысы жоқ деген қорытынды шығарған, оған қала прокуратурасы да келіскен. Істі тоқтатуға енді Бас прокуратура да келісіп отыр.
Алайда куәгер Рейбантты қалай ұрып-соққанын көргенін айтады. Егер іс сотқа дейін жетсе ол куәгер болуға дайын.