Белсенді: Арон Атабектің өкпесінің 38 пайызы қабынған, оған вирус Павлодарда жұққан болуы мүмкін

Арон Атабек. Алматы, 6 қазан 2021 жыл.

Диссидент Арон Атабектің өкпесінің 38 пайызы қабынған. Бұл жөнінде Азаттыққа белсенді Мұратбек Есенғазы хабарлады. Бір күн бұрын Арон Атабектің тынысы тарылып, жағдайы нашарлаған соң ковид орталығына жеткізілген. Бірақ Арон Атабек ауруханаға жатудан бас тартқаннан кейін үйіне қайта әкелінген, қазір үйінде жасанды тыныс аппаратымен демалып жатыр.

- Кеше Саялыдағы ковид орталығына апарған кезде сол жердегі Марат деген дәрігер бұл екі апта ішінде болған нәрсе деді. Көбіне ол [коронавирус] бір-екі аптадан соң өзін көрсете бастайды. Яғни, вирус шамамен екі апта бұрын жұққан деген сөз. Біздің ойымызша, мұның бәрі жайдан-жай болмаған сияқты. Ана жақта "түрмеде қалмаса болды, Алматыға барғанмен коронавирусты көтере алмайды" деген жоспар болған сияқты. Арекең рухы мықты адам. Бүгін тұрғызып, ары-бері шамалы жүргіздік, - деді Мұратбек Есенғазы.

Оның айтуынша, 5 қазанда Атабекті ауруханада компьютерлік томографияға түсірген. Сол кезде дәрігерлер өкпесінің 38 пайызға қабынғанын көрген. "Олардың ПТР тесті сол кезде алмағанына таңғалдым. Дәрігерлер суретке қарап "ковид екені жүз пайыз анық" деп отыр. Қазір қайта жақсы дәрігерлер таба алдық" деді белсенді.

1 қазанда Павлодардың №2 соты Арон Атабек денсаулық жағдайына байланысты жазасының қалған бөлігін шартты түрде өтесін деген қаулы шығарған. Сол күні түнде оны жолаушы ұшағымен Алматыға жеткізіп, Арон Атабекті қарсы алуға әуежайға жиналған жұртқа көрсетпей, ұшақтан бірден үйіне апарған.

Ертесінде оның отбасы мәлімдеме таратып, "Атабектің толық ақтау туралы қарсылығына қарамастан оны Алматыға алдап жіберді, ешкім босату туралы өтініш жазған жоқ" деп мәлімдеп, биліктің әрекетін сынаған. Азаматтық қоғамнан ақынның бостандығын шектейтін үкімнің күшін жойып, көп жыл бойы түрмеде азап көріп, денсаулығы мүшкіл халге жеткен ақынды емдету үшін еш кедергісіз тезірек шетелге жіберуге жәрдем сұраған.

Арон Атабек 2006 жылғы "Шаңырақ оқиғасынан" кейін 18 жылға сотталып, 15 жылдан астам уақытын түрмеде өткізді. Құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқын" деп таныған. Түрмеде отырғанда ол биліктен өзін толық ақтауын талап етіп, шартты түрде бостандыққа шығу туралы өтініш жазу туралы ұсыныстан бірнеше рет бас тартқан.

Биыл ақпанда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығы ахуалы жайлы қабылдаған қарарында Нұр-Сұлтанды елде түрмеде отырған саяси тұтқындарды босатуға үндеген. Еуропарламент депутаттары олардың арасында Арон Атабекті де атаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Арон Атабекті жедел жәрдем ауруханаға алып кетті"Арон Атабек толық ақтауды талап етеді. Шетелде емделуіне кедергі қойылмасын". Диссидент отбасы үндеу жасады"Денсаулығы мәз емес". Түрмеден босаған Арон Атабек Алматыға келді"Арон Атабек түрмеде өліп, басы дауға қалмау үшін билік оны ерте босатты"Билік ауруханадағы Арон Атабектің жағдайын айтпай отыр