Қазақстандық HOLA News порталы ашылмай қалды. Портал редакциясы бейсенбіге қараған түні таратқан хабарламасында 48 сағаттан бері сайттың ашылмай тұрғанын жазған. Редакция сайтқа "шабуыл жасалған болуы мүмкін" деп болжайды. Бұл жөнінде ҚазТАГ агенттігі жазды.
"HOLA News сайтының бұғатталғанына 48 сағат болды. Сайт Қазақстандағы барлық ірі провайдерлер: "Қазақтелеком", Kcell, Beeline, TELE2 және тағы басқа арқылы ашылмайды. Сайт сервері Қазақстан заңнамасына сәйкес Қазақстан аумағында орналасқандықтан шетелдегі оқырмандарымыз да сайтты оқи алмай отыр" делінген хабарламада.
Дегенмен Қазақстанда "Алма ТВ", Beeline қызметін пайдаланатын кейбір қолданушылар сайттың ашылып тұрғанын айтады.
Сайт әкімшілігі порталдың жабылу себебін анықтап, тезірек жоюға тырысқан. Бірақ әзірге одан нәтиже жоқ. Сайтқа хостинг қызметін көрсететін PS.kz компаниясы қызметті тоқтатпағанын, мәселе байланысты қамтамасыз провайдер тарабынан туындағанын хабарлаған.
Журналистер байланыс операторына хабарласқанмен жауап ала алмаған.
ІТ мамандар сөзіне сүйенген портал редакциясының болжамынша, сайт "DPI-шабуылға (Deep Packet Inspection, "желі пакетін терең талдау") ұшыраған" болуы мүмкін.
"Holanews.kz ресурсы провайдерлер деңгейінде ІР-адрестің 443-портпен бұғатталуына байланысты ашылмай тұр. DPI технологиясы пайдаланылған. DPI-ді айналып өтудің ашық құралдары сайтқа кіруге мүмкіндік береді" деп портал хабарламада мамандар сөзін келтірген.
Сайт редакциясының хабарлауынша, кейінгі бірнеше аптада HOLA News порталы бірнеше рет түрлі шабуылға ұшыраған. Қазір портал әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы ақпарат таратып отыр.
"Редакция әрдайым журналистиканың негізгі құндылықтарына сүйенеді: тәуелсіздік, объективтілік, этика, нақтылық және жылдамдық. Біздің миссиямыз – оқырманға нақты, шынайы ақпарат жеткізу, оған сырттан ешкім де, жарнама берушілер мен шенеуніктер де, ықпал ете алмайды. Редакциямыз әрдайым заң талаптарын орындап, жұмыстың қиындығына емес, қоғамдық маңызды ақпараттарға назар аудартуға тырысты. Қазір оқырмандарымыз бен жарнама берушілерге өзіміз кездескен проблеманы хабарлауға мәжбүрміз және жоғарыда айтылған құндылықтарға адал болып қаламыз" делінген редакция таратқан хабарламада.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Интернетті реттеуді емес, бақылауды көздейді". Желіні бұғаттамау жөнінде петицияға қол жинау басталдыҚазақстан билігі интернетті қалай шектейді және оған Ресейдің қатысы қандай?Freedom House: Қазақстан интернеті еркін емес елдердің қатарында"Әділ сөз": Әлемде 12 ел ғана әлеуметтік желіні шектейді, олар сөз бостандығы бойынша артта келеді"Репрессияны модернизациялады". Қазақстан баспасөз еркіндігі рейтингінде 155-орында