Батыс Қазақстан облысында халыққа өз есебінен жөндеуге тыйым салынған ауылға кіреберістегі жол сол күйінше жөнделмей қалған.
Облыс орталығы Оралдан небәрі сегіз шақырым жерде орналасқан Володарка ауылына кірме жолды осы жазда халық өзі жөндеуге тырысқан. Тұрғындардың жоспарын естіген билік оқиға орнына арнайы техниканы жіберіп, ой-шұңқырларды бітеуге уәде берген. Артынша ол жаққа екінші сортты асфальтты әкеліп, ой-шұңқырларын бітеуге тырысқан.
Содан бері екі ай өтті. Бірақ тұрғындардың сөзінше, жол ой-шұңқыры көп сол бәз-баяғы қалпына түскен. Ал халыққа оны жөндеуге тыйым салған.
— Шілде айында бізге жол жөндеуге тыйым салғаннан кейін сол жаққа техника келіп, барлық шұңқырларды екінші сорттағы асфальтпен бітеген болды. Бірақ жол сапасыз жөнделгендіктен, қазір жолда шұңқыр көп, — дейді ауыл белсендісі Вера Иванова.
Оның айтуынша, жергілікті билік жол жөндеу жобасын тек келесі жылы қарастыратынын айтқан.
— Әкімдікке хат жазғаннан кейін бізге жол жөндеу жобасы тек келесі жылы ғана жоспарға енетінін айтты. Онда да жолдың нақты қашан жөнделетіні белгісіз. Маған жол жөндеуге ақша жинама, әйтпесе әкімшілік жауапқа тартыласың деп ескертті, — дейді Вера Иванова.
Аудандық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімінің Азаттыққа жіберген жауабында билік өкілдері "жазда жолға жөндеу жүргізілгенін" атап өтеді. Бұған дейін әкімдік жаздағы "ремонттың" бюджет есебінен жүргізілгенін айтқан. Бұл жолғы жауабында жазғы жөндеу жұмыстары жеке "АСФА" фирмасының демеушілігі арқылы жүзеге асырылды деп жазылған. Онда жөндеу жобасының нобайы келесі жылы әзірленетіні көрсетілген.
Володарка ауылының тұрғындары жол жөндеуді биыл маусымда бастаған. Оның алдында тұрғындар аудан әкімдігіне талай рет барып, шағымданған. Ақпаратқа қарағанда, ауыл жолы шамамен 30 жыл бұрын салынған, содан бері бірде-бір рет жөндеу көрмеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Батыс Қазақстанда халық өз бетінше жол жөндей бастаған соң мәселеге билік араласты