Қарағанды қаласында сот азаматтық белсенді Олег Гарницкийдің өліміне қатысты істі қарап жатыр. Белсенді көктемде сенбілік кезінде алған соққыдан ауруханаға түсіп, палатада қайтыс болған. Ақпаратқа қарағанда, ол ауыр бас жарақатын алған.
Қылмыстық іс сотқа оқиғадан кейін шамамен жарты жылдан соң түсті. Бастапқыда белсендіге "Қасақана түрде денсаулығына ауыр зақым келтірді" деп айыпталған жергілікті тұрғын кейін "кездейсоқ адам өлтіріп қойды" деп айыпталды. Бұл бап бойынша айыпталушының бостандығы үш жылға дейін шектелуі мүмкін немесе сол мөлшерде бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Гарницкийдің жақтастары мен әріптестері айыптың жұмсарғанына наразы.
Қамауда отырған айыпталушы Иван Василенконың сөзіне қарағанда, белсенді оның ұлын шағылған бөтелкенің сынықтарын жинауға мәжбүрлеп, соның нәтижесінде ұлының қолы қанап, әкесіне шағымданған. Василенко белсендіні жұдырықпен ұрғанын жоққа шығарады. Айтуынша, Гарницкийдің бетінен шапалақпен тартып жіберген, сол кезде белсенді басымен асфальтқа құлаған. Ауладағы бейнебақылау камераларындағы жазбалар тұрғынның белсендіні жұдырықпен ұрып, Гарницкийдің етпетінен құлағанын көрсетсе керек. Куәгер болған кейбір көршілері де соққы болғанын айтты. Қазір сотта куәгерлер сұралып жатыр. 11 қазанда негізгі куәгерлер жауап бере бастайды.
Гарницкий аймақта танымал белсенді болғандықтан оның өліміне қозғалған іс резонанс тудырды. Марқұмның ұлының сенімхаты негізінде істі тергеуге қатысқан жақтастары оның денсаулығына қасақана түрде зақым келтіру жоспары болған деп болжайды. Тергеу барысында бап екі рет өзгертілді: әуелі жәбірленушінің өліміне байланысты жеңілден ауырға алмастырылды, кейін қайта жұмсарды.
50 жастағы азаматтық белсенді Олег Гарницкий оқиғадан кейін бір ай бойы жағдайы ауыр күйде реанимацияда жатты. 17 мамырда көз жұмды. Гарницкий – қала тазалығы мен жайлылығы үшін күрескен жергілікті белсенді. Билікке хат жазып, жергілікті тұрғындарды аула тазалауға тартты. Жақтастарының айтуынша, Гарницкий үлкен жоспар құрып, биліктің көмегінсіз Қарағандыдағы аулаларды жайлы етуге тырысқан. Осыған дейін белсенділер оның құрметіне кітап тәрізді ескерткіш қою үшін ақша жинаған. Қала билігінің рұқсатын да алып қойған.