Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) Мәскеудегі антидопинг зертханасының аккредитациясын қайтарып алды. Reuters агенттігінің хабарына қарағанда, WADA тәртіп комитетінің Ресей ұлттық антидопинг зертханасын аккредитациядан айыру туралы ұсынысын мақұлдаған.
Қызметі 2020 жылғы қаңтардан бері тоқтап тұрған Мәскеу зертханасына WADA атқарушы комитетінің шешімі хабарланған. Зертхана антидопинг ұйымдарына қан үлгісі алып беру жұмыстарымен айналыса алмайды.
WADA шешімін 21 күн ішінде спорт жөніндегі арбитраж сотында даулауға болады.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Ресей билігі спортшылардың допингке жүгінуі мемлекеттік деңгейде қолдау тауып отыр деген күдікті жоққа шығарады.
Ресей 2014 жылғы Сочи олимпиадасынан кейін допинг дауына тап болды. Тергеу Ресей антидопинг агенттігінің спортшылардан алынған үлгілерді алмастырғанын көрсеткен.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ WADA Ресейді төрт жылға олимпиада мен әлем чемпионатынан шектеді