Ресей үкіметі елге шетел жұмысшыларын алдыру жөніндегі пилоттық жобаны мақұлдады. Жоба аясында Өзбекстаннан 10 мың құрылысшы әкелінбек. Бұл туралы Ресей басылымдары хабарлады.
Құқықтық ақпарат порталында Өзбекстаннан 10 мың мигрант әкелу жобасы сипатталған. Оған қарағанда, өзбек құрылысшыларына "Спутник Лайт" екпесін салмақ.
Пилоттық жобаға құрылыс, еңбек, денсаулық, білім, ішкі істер, төтенше жағдайлар министрліктері және Роспотребнадзор мекемесі қатыспақ.
Ресей құрылыс министрлігі өзбек жұмысшыларын қатарына алуға ниеті бар мекемелердің тізімін жасайтыны хабарланып отыр.
"Қаулыны қабылдау Өзбекстаннан 10 мың еңбек мигрантын әкелу жөнінде нақты қадамға көшуге мүмкіндік беріп отыр" деді министр орынбасары Никита Стасишин санитарлық-эпидемиялық талаптардың сақталатынын ескертіп.
Осының алдында "Коммерсант" басылымы өзбек мигранттарын "ірі инфрақұрылым объектілерінің" құрылысына тартатынын хабарлаған. Олардың арасында "Восточный" космодромы да бар. Өзбек жұмысшыларына патент беріліп, онда жұмыс беруші мекеменің аты жазылады.
Басылымның жазуынша, Ресейде жұмыс күші тапшы болып отыр. Қыркүйекте Мәскеу әкімшілігі 200 мың жұмысшы жетіспей жатқанын айтқан.