11 қазанда Брюссельде қазақстандық депутаттар Еуропарламент өкілдерімен кездесті. Бұған дейін кездесуде өзге мәселелермен қатар 2021 жылы ақпан айындағы Еуропарламенттің Қазақстандағы адам құқығына байланысты резолюциясы шарттарының орындалуы-орындалмауы мәселелері талқыланады деп хабарланған еді.
Дүйсенбі күні өткен "Қазақстан Республикасы - Еуроодақ" парламенттік ынтымақтастық комитетінің 18-отырысында адам құқығына байланысты нақты қандай жайттар талқыланғаны белгісіз. Еуропарламент әзірге кездесу жөнінде ақпарат таратпады.
Ал Қазақстан сенатының хабарлауынша, "шара барысында Қазақстан мен ЕО елдері арасындағы экономика, денсаулық сақтау, білім беру, көлік, экология және су ресурстары салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Сондай-ақ адам құқықтары мен азаматтық қоғам мәселелері бойынша да пікір алмасылды".
Жергілікті Orda.kz сайтына мәжіліс депутаты Снежанна Имашева кездесу барысында Қазақстанда адам құқығының бұзылуына жауапты шенеуніктерге санкция салу мәселесі талқыланбағанын айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаев ЕО өкілдерімен кездесті. Белсенділер саяси тұтқындарды босатуды, шенеуніктердің активтерін бұғаттауды сұрадыҚазақстанда адам құқығының бұзылуына жауапты шенеуніктерге санкция салу, мүліктерін бұғаттау мәселесі кейінгі кезде жиі айтылып келеді. Елде сот шешіміне, саяси қудалауға наразы белсенділер де акция өткізген сайын осы мәселені көтереді. Олар Батыс елдерін осы тетік арқылы Нұр-Сұлтанды адам құқығы саласында алған міндеттемелерін орындауына ықпал етуге шақырған.
30 қыркүйекте Еуропарламент депутаты Ружа Тун Қазақстан әділет министрі Марат Бекетаевпен кездесу кезінде оған елде саяси қудаланған белсенділер мен саяси тұтқындардың тізімін тапсырған. "Әріптестіктен бас тартпаймыз, бірақ адам құқығын бұзғандарға санкция салуды талап етеміз" деп жазған еді Тун Twitter'де.
Биыл ақпанда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығы ахуалы туралы қарар қабылдап, кейінгі кезде адам құқығының нашарлағанын сынаған, адам құқығын бұзған шенеуніктерге санкцияға салуға шақырған. Еуродепутаттар резолюцияда Нұр-Сұлтанды саяси тұтқындарды босатуға да үндеген. Содан бері бірнеше адам түрмеден шықты, бірақ қазақстандық құқық қорғаушылар құрған саяси тұтқындар тізімі елде үздіксіз жаңарып келеді. "Саяси істер" бойынша ұсталып, сотталған белсенділер де көбейіп жатыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ақтөбелік құқық қорғаушылар "Еуропарламент қарарын орындауды талап етіп" наразылық пикетін өткізді