Нұр-Сұлтанда сот "Демпартияның" екі белсендісін қамап, төртеуіне айыппұл салды

Ұлттық банкке келіп, несие амнистиясын талап етіп тұрған белсенділердің бірі. 12 қазан 2021 жыл.

12 қазанда Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілік соты тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық партиясының" екі белсендісі Аружан Дүйсебаеваны бес тәулікке, Әйгерім Тілеужанды екі тәулікке қамады.

Тағы төрт белсендісіне әрқайсысына 5 айлық есептік көрсеткіш (14,5 мың теңге немесе 34 доллар) көлемінде айыппұл салды. Бұл жөнінде белсенді Инга Иманбай хабарлады. Оның айтуынша, партия өкілдеріне "Ұсақ бұзақылық" (434-бап) бабы бойынша айып тағылған.

Сот кабинетінде әзірге сот қаулылары жарияланбаған.

12 қазанда "Демпартияның" бірнеше белсендісі Нұр-Сұлтандағы Ұлттық банк ғимаратына барып, несие амнистиясын талап еткен еді. Белсенді Әйгерім Тілеужанның айтуынша, наразылар билікке бірнеше талап қойған:

  • коллекторлық компанияларда тіркелген проблемалық несиелерді кешіру;
  • жеке тұлғалардың банкротқа ұшырауы жөнінде заң қабылдау;
  • белсенділер жинаған 100 мың өтінішті қарап, мәселелерін шешу;
  • өкілетін асыра пайдаланған коллекторлық компаниялар мен сот орындаушыларын жауапқа тартуды қарастыратын заң қабылдау;
  • шағын несиелік компаниялардың пайыз санауы, өсімпұл қосуын мемлекеттің реттеп, қадағалауы.

Белсенділер Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың шығуын талап еткен, банк төрағасы шықпайынша сол маңда қонып, аштық ұстайтынын айтқан. Бірақ кешке қарай полицияның оларды ұстап әкеткені белгілі болды.

Қарай отырыңыз: "Демпартия" несиеге амнистия талап етіп, Ұлттық банкке барды (12 қазан 2021 жыл).

Your browser doesn’t support HTML5

"Демпартия" несиеге амнистия талап етіп, Ұлттық банкке барды