Минскіде оппозициялық телеграм-арнаға жазылғандарды түрмеге отырғызады

Беларусь ішкі істер министрлігі (ІІМ) өлкеде экстремистік деп танылған телеграм-арналарға және чаттарға жазылған азаматтарды қылмыстық жауапкершілікке тартуға ниеттеніп жатыр.

Мәліметке қарағанда, мұндай каналдардың тіркелушілерін жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылып жатыр.

ІІМ Қылмыстық топтарға және жемқорлыққа қарсы күрес басқармасының телеграм-каналындағы мәлімдемеге сәйкес, бұл шара белорус үкіметінің "Экстремизмге қарсы шаралар туралы" 12 қазанда қабылданған бұйрыққа байланысты болмақ.

Биыл ақпан айында экстремистік деп танылған чаттар мен каналдарға тіркелу әкімшілік құқық бұзушылық болып есептелетінін ескертіп, жазылушыларға айыппұл сала бастаған.

Беларусьте экстремистік деп танылған телеграм-каналдардың тізімінде оппозициялық ақпарат құралдары да бар.

2020 жылы қазанда Минск қалалық соты 990 мың тіркелушісі бар NEXTA телеграм-каналын экстремистік деп тапқан. Биыл тамыз айында осындай шешім Tut.by жаңалықтар порталы мен Zerkalo.io басылымына қарата қабылданған.

Беларусь билігі 2020 жылы тамыздағы президент сайлауынан кейін тұтанған наразылық акциялардан соң оппозиция өкілдерін және олардың жақтастарын қуғындап келеді. Онда сайлау нәтижесі бойынша президент Александр Лукашенко жеңіске жетті деп жарияланған. Митингіге шыққан мыңдаған адамға қылмыстық іс қозғалды. Он мыңдаған адам өлкеден қашып кетуге мәжбүр болған. Құқық қорғаушылар сотталған 805 адамды саяси тұтқын деп тапқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Беларуcьте әлеуметтік желіде арнайы қызметкердің өлімі туралы пікір жазған 136 адам ұсталдыМинск соты елдегі соңғы құқық қорғау ұйымын жаптыМинск тұрғыны шашын оппозиция туының түсіне ұқсатып бояғаны үшін айыппұл алдыБелорус оппозициясының өкілдері Колесникова мен Знак ұзақ жылға сотталды