Нұр-Сұлтанда Glovo курьерлері наразылық білдірді

Glovo курьерлері. Көрнекі сурет.

20 қазанда Нұр-Сұлтанда Glovo тамақ жеткізу қызметінің 70 шақты жұмысшысы наразылыққа шықты. Олар километражды есептейтін Google картасының қосымшасымен жұмыс істейтін бұрынғы жүйені қайтаруды талап етті. Бұл жөнінде Informburo сайты хабарлады.

"Бұрын Google картасымен жұмыс істеген кезде табысымыз басқаша болатын. Ал қазір 2GIS-пен жұмыс істейміз – ол үйлердің арасын есептейді, ал біз көлікпен жүреміз ғой. Айталық, саябақты алсақ, ол саябақ арқылы жолды есептейді, ал біздің саябақта жүруге құқымыз жоқ. Жаяу жүре алмаймыз, сәйкесінше табыс та аз" деді Glovo курьері Ербол Жәкенов.

Курьерлер компания басшылығына талаптарын қарастыруға екі-үш күн берген. Олар сол уақытқа дейін жұмысты тоқтататынын айтқан.

Ақпаратқа қарағанда, сәрсенбі күні Алматыда да Glovo курьерлері әкімдік алдына жиналған. Алайда ешқандай мәлімдеме айтылмаған.

Жұмысшылардың наразылығын туғызған жүйеге Glovo компаниясы 2021 жылы қазанда көшкен. Қазір Нұр-Сұлтанда карта сынақтан өткізіліп жатыр. Кейін басқа қалалардағы курьерлер де осы жүйеге көшеді деп айтылады.

Қазақстандағы Glovo компаниясының бас менеджері Кәрім Богуспаевтың сөзіне қарағанда, "осыған дейін курьерлер Google картасының ыңғайсыздығына жиі шағымданған". Содан кейін компания мәселені зерттеп, жаңа картаны жүйеге енгізген.

Компания өкілдерінің айтуынша, әлемде Glovo компаниялары негізінен Google Maps'ті қолданғанмен 2GIS, Yandex.Maps сияқты түрлі карталарды пайдалана алады. Оны курьерлердің өздері таңдауы тиіс.

Informburo шілде айында наразылыққа шыққан Glovo курьерлерінің Google-картадан бас тартуды да талап еткенін еске салады.

7 шілдеде Алматыда Glovo тамақ жеткізу қызметінің ондаған курьері ереуілге шығып, еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен болатын. Компания басшылығы оларды келіссөзге шақырған.

Оның алдында Wolt компаниясының курьерлері ереуілге шығып, бұрынғы төлем жүйесін қалпына келтіруді талап еткен еді. Олардың талаптары орындалды.

Қарай отырыңыз: Алматыда "Glovo" курьерлері басшылыққа қарсы наразылыққа шықты (7 шілде 2021 жыл).

Your browser doesn’t support HTML5

Алматыда "Glovo" курьерлері басшылыққа қарсы наразылыққа шықты