21 қазанда Қазақстан халқы ассамблеясының отырысында мәжіліс депутаты Сауытбек Әбдірахманов қоғамда дау тудырған әлеуметтік желіні шектеу туралы заң жобасына тоқталып, желінің "зиянды әсері" туралы айтты.
"Әлеуметтік желі жиі алауыздықты қоздырады, мәдениетсіздікті тудырады. Биылдың өзінде интернетте 140 мың кибербуллинг фактісі анықталған. Бұл былтырмен салыстырғанда екі есеге көп. Жыл әлі аяқталған жоқ. Әрбір тоғызыншы оқушы онлайн-әлімжеттікке ұшырайды. Балалар мектепке барудан жиі қорқатын болды. Ақпаратты орналастыратын бірыңғай интернет-ресурста 40 мың сілтеме бар. Өздеріңіз білетіндей, арнайы заң әзірленіп, қазір мәжілісте жатыр, бірінші оқылымнан өтті" деді Сауытбек Әбдірахманов.
Ал Қазақстан халқы ассамблеясына қатысқан президент Қасым-Жомарт Тоқаев заң жобасы жөнінде ештеңе айтпады.
Қыркүйектің ортасында парламенттің төменгі палатасы Қазақстанда өкілдігі жоқ әлеуметтік желілерді бұғаттау туралы заң жобасына түзетуді бірінші оқылымда мақұлдаған. Түзету қоғамда түрлі пікір туғызған.
Депутаттардың пікірінше, бұл нормалар кибербуллингпен күресіп, бала құқығын қорғауға көмектеседі. Заң жобасына сәйкес, шетелдік әлеуметтік желілер мен мессенжерлер Қазақстан аумағында жұмыс істеуі үшін заңды тұлға ретінде тіркеліп, өкілдігін ашуы тиіс. Егер ережелер орындалмаса, құжат күшіне енгеннен кейін алты айдан соң желілер бұғаттала бастайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Интернетті реттеуді емес, бақылауды көздейді". Желіні бұғаттамау жөнінде петицияға қол жинау басталдыТүзетулерді құқық қорғаушылар мен журналистер, белсенділер мен қолданушылар сынаған. Қыркүйектің соңында түзетулерді қабылдамауға шақырған петицияға қол жинау басталған. Соңғы ақпаратқа қарағанда, петицияға он мыңнан астам қол қойылған.
Петиция авторларының пікірінше, заңға енетін түзетулер цензураны күшейтіп, ақпарат алу еркіндігін шектейді. Facebook, Instagram, Telegram, Whatsapp және өзге де танымал әлеуметтік желілердің еркін пайдаланылуына бөгет жасайды.
Бұған дейін заңға түзетулерді "Әділ сөз" баспасөз ұйымы да сынап, аталған норма ақпарат алу мен тарату, интернетті пайдалану құқығын шектейді деп мәлімдеген.
Сыншылар депутаттарды "бала құқығын сылтауратып, сөз бостандығын шектеуге тырысып жатыр" деп айыптаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Солтүстік Кореяға айналдырмақшы ма?" Әлеуметтік желіні шектеу жайлы бастама және оған қарсылық