22 қазан күні Шымкент қаласы Абай ауданы Қызылжар ықшам ауданындағы стадион орнына емхана салу уақытша тоқтатылды. Жерді пайдалану және қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспектор Мұрат Теміржанов қалалық әкімдіктің жерді беру барысында жіберген заңбұзушылығы туралы ұйғарым шығарғанын Facebook парақшасында жариялады. Қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы іс сотқа жеткенін, сот шешім шағарғанша құрылыс тоқтайтынын айтады.
Қыркүйек айының басында Қызылжар ықшам ауданының ондаған тұрғыны елді мекендегі жалғыз стадионға емхана салдыруға қарсылық білдірген. Стадион маңына жиналған тұрғындардың кейбірін полиция ұстап, арнайы жасақ күзеткен.
Мұрат Теміржановтың хабарлауынша, қалалық прокуратураға жазылған шағым негізінде "Shymkent" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына кезектен тыс тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 2019-2020 жылдары корпорация түрлі мақсатта берілген көлемі 52,5 гектар 188 жерді беру кезінде Жер кодексінің "Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту тәртібі" бабын (48-бап) бұзғаны анықталған. Оның ішінде тұрғындар даулаған стадион жері де бар.
Қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы мен Shymkent әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы Теміржановтың ақпаратын растайды. Басқарма мәліметінше, мемлекеттің меншігіндегі жерді корпорацияға жалға беру туралы қалалық әкімдік шешім шығарған. Тексеру кезінде шешім егжей-тегжейлі жоспарлау талабына сәйкес емес екені анықталған. Инспекция бұл жерге қатысты қабылданған барлық шешімді бұзу туралы ұйғарым шығарғанымен Шымкент қалалық әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасы шешімді заңды деп, бұзудан бас тартқан. Содан кейін инспекция істі сотқа өткізген.
Жерді жалға алып, оған емхана салу үшін кәсіпкер тапқан корпорация сот шешім шығармайынша емхана құрылысы тоқтайтынын айтады.
2020 жылдың 20 тамызында қала әкімдігі көлемі 2,7 гектар стадион орнына емхана салу туралы шешім шығарып, жерді корпорацияға жалға берген. Корпорация 2021 жылдың наурыз айында инвестирға стадион жеріне емхана салуға рұқсат берген. Қазір жер мемлекет меншігінде.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Шымкентте ондаған адам стадион орнында емхана салуға қарсылық білдірді