Маңғыстауда жыл бойы созылған ондаған компаниядағы еңбек дауынан соң еңбек министрлігі бір салада істейтін жұмысшылар жалақысын теңестіруді қарастырып жатқанын айтты. Бұл туралы 22 қыркүйек күнгі брифинг кезінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ербол Нұрғалиев мәлімдеді.
– Маңғыстауда болған 23 оқиғаның [ Жаңаөзен, Жетібайдағы жұмысшылар ереуілі] сексен пайызы жалақыны көтеру туралы [талаппен байланысты]. Сондықтан бір мекемеде істегендердің жалақы айырмашылығын теңестіру туралы сонымен айналысатын министрліктерге тапсырма берілді. Жалақыны унификациялау жүріп жатыр, - деді Ербол Нұрғалиев.
Шенеуніктің сөзінше, биыл елде 363 мекемеде жалақы дауы туындап, оның 333-і шешілген.
Бұған дейін Маңғыстау облысында жергілікті сот жалақы өсіруді және еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен кейбір жұмысшылардың ереуілін заңсыз деп таныған. Еңбек министрлігі өкілдері Азаттық тілшісінің "еңбек дауы жұмыс берушімен медиация арқылы шешілмесе жұмысшының ереуілге шығу құқығы Еңбек кодексінде айтылған, ендеше ереуілді заңсыз деп тану Еңбек кодексіне қайшы емес пе?" деген сауалына нақты жауап бермеді.
– Егер жұмыс берушіге бірнеше күн жазып, жұмыс беруші жауап бермесе, жергілікті еңбек инспекторлары сол мекемелердің басына барады, - деді брифингте республиканың бас еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаев Маңғыстаудағы еңбек дауы жөнінде: Кей компаниялар жұмысшыларын ереуілге өздері итермелейдіҚазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйекте Қазақстанның батыс өңіріндегі еңбек жағдайын жақсартып, жалақыны көтеруді талап еткен ереуілдерден соң мемлекеттік органдар мен "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорына ведомоствоаралық штаб құруды тапсырған еді.
Министрлік өкілдері штабтың құрылғанын айтқанымен оның жұмысы туралы ақпаратпен бөлісе алмады. Айтуларынша, "жұмыс әлі жүріп жатыр, нәтижесі қосымша хабарланады". Іс жүзінде мұндай штабтар бұрыннан бері жұмыс істеп келеді және оны әр өңірдегі облыс әкімдерінің бірінші орынбасарлары басқарады.
Азаттық тілшісі спикерлерден "Тоқаев айтқан дағдарыс алдында тұрған 8 кәсіпорынды" атауды және "жұмысшылар жиі қозғайтын инфляция кезінде жалақыны индексациялауды Еңбек кодексіне енгізу талабы бастамасы көтеріле ме" деген сауалдар қойған еді. Бірақ жиынды жүргізген орталық коммуникациялар қызметінің модераторы екі сұрақтан артық қоюға болмайды деп жауапты үзіп тастады.
Биыл жазда Маңғыстауда ереуілдер жиілеп, отызға тарта кәсіпорын жұмысшылары жалақы өсіруді және еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен. Оларды кейбірінің талаптары ішінара орындалды.
Қарай отырыңыз: "Демалыста жұмыс істейміз". Қытай компаниясының мұнайшылары Тоқаевқа үндеу жолдады (15 қазан 2021 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5