22 қазан күні Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы N5516 әскери бөлімде "өзіне-өзі оқ атып" көз жұмды делінген әскери қызметші қатарындағы жауынгер Сержан Оңғаровтың денесі туған жері Түркістан облысы Мақтаарал ауданы Мақтажан ауылына жеткізілді. Марқұмның туысы Жақсылық Айбеков оқ жауынгердің тамағының астынан атылғанын айтады.
Жауыргердің қайтыс болғаны туралы қаралы хабар туыстарына 21 қазан күні шамамен түнгі сағат 04:00-де айтылған. Мәйітін алып келуге анасымен бірге үш туысы шыққан. Мәйітті марқұмның ағасымен бірге бес әскери қызметші жүк көлігімен әкелген.
- Оқиға кезекшілік кезінде болған. Оқ бір рет тамағының астынан атылған. Оқты өзі атты ма, басқа атты ма айта алмаймын. Видеоны көрсетіңдер деп едік тергеушілер аша алмаймыз деді, - дейді марқұмның туысы Жақсылық Айбеков.
Марқұмның әпкесі Мадина Айбекова "Сержан Оңғар өзіне-өзі оқ ататындай бала емес" дейді.
Ал Қазақстанның "Орталық" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі жауынгердің "өзіне-өзі оқ атып, ауыр жарақат алғанын" хабарлады. Қалалық ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оны аман алып қала алмаған. Оқиғаға байланысты тергеу басталған. Қызметтік тексеріс тағайындалған.
Сержан Оңғар Алматы қаласындағы медициналық колледждердің бірінде оқып жүрген. Әскери қызметке 2019 жылы өз еркімен барған. Оқиға болған күні ол әпкесіне хабарласып, желтоқсан айында елге қайтатынын айтқан.
Қазақстанда әскери борышын өтеп жүрген сарбаздардың суицид жасағаны жайлы ақпарат жиі шығады. Биыл көктемде Жамбыл облысында бір сарбаз казарма терезесінен секіріп мерт болды. Былтыр Алматы облысында әскерге шақыртылғанына үш ай болған 19 жастағы жігіт биік мұнарадан секіріп, опат болған. Сол кезде сарбаздың өзіне қол жұмсауына әскердегі әлімжеттік себеп болды деп айтылған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Лох", "черт", "тоқылдақ". Әскердегі психологиялық әлімжеттік басылмай тұр