Қазақстан мәдениет және спорт министрлігі жыл басынан бері кітап шығаруға 705 млн теңге бөлді. Министрлік қолдауымен кітабы басылып шығатындар/шыққандар арасында шенеуніктер де бар. Мысалы, мәжіліс депутаты Сауытбек Әбдірахмановтың бес томдығын шығару үшін мәдениет министрлігі 44,6 млн теңге жұмсаған. Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы кітап шығаруға бюджеттен 40 млн теңге бөлінген. Бұл жөнінде Ulysmedia.kz сайты жазды.
Интернет-ресурс мәдениет министрлігінің жыл басынан бері мемлекеттік сатып алу порталында жасасқан келісім-шарттарға сүйеніп, осындай тұжырым жасаған.
"Министрліктің қолдауымен бірнеше кітабы шыққан қаламгердің бірі – ақын, лингвист Олжас Сүлейменов. Оның алты кітабына Райымқұлова басқаратын ведомство 21,7 млн теңге бөлді. Бір қызығы, минстрлік Сүлейменовтың кітаптарын шығаруға арналған мемтапсырысты қаламгердің қызының баспасына берген. Демек, Марина Олжасқызы министрліктен миллиондаған қаржы алып, әкесінің кітаптарын басып шығармақ" деп жазды авторлары.
Интернет-ресурстың жазуынша, министрлік Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы кітап басуға 40 миллион теңге бөлген.
"Ол жайлы Махмұт Қасымбеков құрастырған бес кітапқа ("Созидая независимый Казахстан: исторические выступления Нурсултана Назарбаева", "Избранные речи 2014-2016 годы. 8-том", "Избранные речи 2017-2021 годы. 9-том", "ҚР тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Қызмет хроникасы. 2020 жыл" және осы соңғы кітаптың орысша нұсқасына) 40 млн теңге бөлінді. Ал мәжіліс депутаты Сауытбек Әбдірахмановтың «Елдік ерлігі» деп аталатын бес томдығын шығару үшін мәдениет министрлігі 44,6 млн теңге жұмсаған. Бұдан бөлек, бұрын әкім, министр қызметтерін атқарған, қазір ҚазҰУ ректоры болып отырған Жансейіт Түймебаевтың "Тәуелсіз Қазақстан: бейбітшіліктің, келісімнің және жасампаздықтың 30 жылы" атты кітабына 26,9 млн бөлінді" деп жазды интернет-ресурс.
Сайттың жазуынша, ведомство жыл басынан бері кітап шығару бойынша 40 тендер өткізген. "Оның 11-інде ғана жеңімпазды ашық конкурс арқылы анықтаған. Ал қалған 29 тендерде тапсырыс беруші жеңімпазды анықтарда сарапшылар жиі сынайтын "тікелей бір көзден сатып алу" тәсіліне жүгінген" деп жазды зерттеу авторлары.
Биыл мәдениет министрлігінен екі баспа жиі мемлекеттік тапсырыс алған: "Фолиант" (төрт келісім-шарт) және "Дәуір" (алты келісім-шарт) баспасы.
"Дәуір" – елдегі ең ірі баспалардың бірі. Бір жылдың салығының өзі 300-400 млн теңге аралығында. Бұл баспаның директоры – Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың келіні Светлана Назарбаева. Ал құрылтайшылары – Светлана Назарбаеваның өзі және ұлы Қайрат Сатыбалды" деп жазды интернет-ресурс.
Қазақстанда шенеуніктердің кітаптарын шығаруға көп қаржы жұмсалатыны жайлы ақпарат жиі шығады. Ұлыбритания саясаткері Джонатан Айткеннің Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевты мадақтайтын кітап шығарғаны үшін 166 мың фунт стерлинг (қазіргі бағаммен 96 млн теңге) алғаны жуырда белгілі болған. Бұл туралы офшордағы құпия келісімдерді әшкерелейтін "Пандора құжаттарында" айтылады. Британдық Guardian басылымының жазуынша, Айткенге ақыны Қазақстан үкіметіне жұмыс істейтін пиар-компания құпия түрде төлеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Джонатан Айткен Назарбаевты мақтаған кітапқа 166 мың фунт стерлинг алғанӘлия Назарбаеваның "жарқын дәуірі" немесе "тарихи тек иесінің" толғауыGuardian: Назарбаевты мақтап кітап жазған Джонатан Айткен Қазақстан үкіметінен ақы алған