27 қазанда Қарағанды облысының Балқаш қалалық соты азаматтық белсенді Айдар Сыздықовқа қатысты «көпшілік алдында қорлау» бабымен (131-бап, 2-бөлім) түскен жеке шағымды қарай бастады. Арызды белсенді бұрын қамауда болған Нұр-Сұлтандағы ЕЦ–166\1 мекемесі қызметкерінің анасы түсірген.
Істі судья Айнұр Жандилдина жүргізді. Сотқа шағым беруші Аңсаған Әубәкірова денсаулығына байланысты қатыспады. Оның адвокаты арызданушының дәл осындай ісі басқа сотта қаралып жатқандықтан арызын қайтарып алғысы келетінін айтты. Бірақ судья қылмыстық істің арызданушының қатысуынсыз тоқтатылмайтынын айтып, оны кейінге шегермек болды.
Айдар Сыздықов «судья арызданушының денсаулығы туралы анықтама сұрамай істі кейінге қалдырмақ болды» деп мәлімдеп, судьяны ауыстыруды талап етті. Белсендінің өтініші 1 қарашада қаралатын болды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ ЕО өкілдері Ағаділ қаза болған және "саяси тұтқындар" қамалған астанадағы изоляторға бардыАзаматтық белсенді Айдар Сыздықовтың айтуынша, ол түрмеден шыққан соң Нұр-Сұлтандағы ЕЦ–166\1 мекемесі қызметкерлерінің сотталушыларға жасаған іс-әрекеттеріне шағым түсіріп, 16/12 каналына берген сұхбатында оларды «қарабет» деп атаған. Белсенді осы жағдайдан соң түрме қызметкерлері туыстарының Нұр-Сұлтандағы Сарыарқа аудандық сотына арыз түсіргенін айтады.
– Маған қатысты үш арыз түскен. Сарыарқа аудандық соты арқылы ЕЦ-166\1мекемесі басшысы мен оның көмекшілері өтемақы ретінде 100 мың теңге талап етті. Кейін Сарыарқа соты арыздарды Байқоңыр ауданы мен Балқаш қалалық сотына соттылығы бойынша жіберген, - дейді Айдар Сыздықов.
Биыл 3 маусымда Нұр-Сұлтанның №2 Cарыарқа аудандық соты "экстремистік ұйымның жұмысын ұйымдастырды және қатысты" деп айыпталған 36 жастағы Айдар Сыздықовтың бас бостандығын үш жылға шектеген. Бұдан бөлек, оған 5 жылға дейін қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға, митингілерге, жиындарға қатысуға, әлеуметік желілерде жазба жазуға тыйым салған.
Белсенді тағылған айыптармен келіспеген. Оған тағылған айып "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысымен" байланысты. Қазақстан бұл қозғалысты "экстремистік" деп танып, қызметіне тыйым салған еді. Еуропарламент өз қаулысында бұл ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған. Жергілікті құқық қорғаушылар Сыздықовтың «саяси көзқарасына байланысты» қуғындалып жатқанын айтып, «саяси тұтқындар» тізімен енгізген.
Бұл іске дейін де белсенді «рұқсат етілмеген» митингіге «қатысқаны үшін» және «ұйымдастырғаны үшін» бірнеше мәрте қамауға алынған.
Ол биыл ақпан мен маусым айларында өзіне қатысты іс тергеліп жатқан кезде ЕЦ–166\1 мекемесінде қамауда болған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Саяси өзгерісті қалау – қылмыс емес". HRW Нұр-Сұлтанды белсенділерді қудалағаны үшін сынады