Мәскеу қалалық соты 2018 жылы көктемде қаза болған қазақстандық Томирис Байсафаның өліміне айыпталған Дағыстан үкіметі бұрынғы жетекшісінің ұлы Муртузалы Межидовке шыққан ақтау үкімінің күшін жойды.
Сотталушының адвокатына сүйенген Ресей ақпарат құралдары Мәскеу халықаралық қатынастар институтында оқыған 21 жастағы Томирис Байсафаның өлімі бойынша қозғалған іс қайта қаралатынын жазды.
Межидовке шыққан ақтау үкімінің күшін жоюды жәбірленушілер мен прокурорлар талап еткен. Адвокаттың айтуынша, Мәскеу қалалық соты сотталушыға бұлтартпау шарасын қолдану мәселесін әлі қарамаған.
Маусымда Мәскеудің Никулин соты алқа мүшелерінің шешімі негізінде Муртузалы Межидовті ақтаған, сол күні ол қамаудан босатылған. Сот айыпталушыға ақталу құқығын да берген.
Өткен айда Томирис Байсафаның анасының адвокаты Евгений Яворский Межидовті Қазақстанда соттауды талап ететінін айтқан. Ол қоғам мен биліктен көмек сұраған.
21 жастағы студент 2018 жылы оқу орны ғимаратының төртінші қабатынан құлап, бірнеше күннен соң ауруханада көз жұмған. Сол кезде "Өзін өлтіруге итермелеу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды, кейін "Адам өлтіру" бабына ауыстырылды. Студенттердің бірі оны терезеден итеріп жібергенін айтты. Оның сөзіне қарағанда оның алдында марқұм соққыға жығылған.
Муртузалы Межидов қыздың курстасы болған. Кей ақпаратқа қарағанда екеуі кездесіп жүрген. Қыз өлімінен кейін Муртузалыдан жауап алынып, қамауға алынды.
Қазақстандық студенттің өлімі қоғамда резонанс тудырды. Межидов қамауға алынғаннан кейін қаза болған қыздың шешесі Қазақстан президенті мен Ресей тергеу комитетінің жетекшісіне алғыс айтты. Қазақстан Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова ресейлік омбудсмен Татьяна Москальковадан істі жеке өз бақылауына алуды сұраған.
Муртазалы Межидовтің әкесі Мұхтар Межидов Дағыстан үкіметін 2013 жылдың қаңтар-шілде айларында басқарған. Оған дейін республика премьерінің орынбасары және аймақтық заң шығару органының депутаты болған.